Елордада 1200 орындық жаңа мектеп салынып жатыр

Елордада қайтарылған активтер есебінен 1200 оқушыға арналған жаңа мектеп салынып жатыр. Нысан «Нұра» ауданында бой көтереді.  Жобаға Арнаулы мемлекеттік қордан 7 миллиард теңге бөлінді.

Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Білім ордасы келер жылы пайдалануға беріледі. Бұл ауданда 4 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Жаңа ғимарат жүктемені азайтады.

Үкімет 500-ден астам әлеуметтік жобаға 610 млрд теңгеден астам қаржы құйды. Қаражат білім беру, денсаулық сақтау, спорт және коммуналдық инфрақұрылым нысандарын жаңғыртуға жұмсалады. Білім беру саласында құны 64,4 млрд теңге болатын 17 жоба мақұлданған.