Almaty SuperSki жобасына дайындық басталды

«Almaty SuperSki» жобасын жүзеге асырудың алғашқы кезеңі басталды. Бүгін Алматыда Kazakh Tourism Development компаниясының өкілдері Көкжайлау шатқалында брифинг өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді. 

Тау шаңғы курортының жобасы бойынша бірнеше рет қоғамдық талқылау болып, табиғат жанашырларының ұсыныстары ескерілді, - дейді компания өкілі.  Курорт аумағында жалпы ұзындығы шамамен 60 шақырым болатын тау шаңғысы трассалары салынады. Almaty SuperSki курорты жыл бойы жұмыс істейтін туристік нысан болмақ. Мұнда тау шаңғысы трассаларынан бөлек жаяу серуендеу бағыттары, отбасылық демалыс орындары және спорттық іс-шараларға арналған алаңдар қарастырылады. Кешенді 2028 жылдың желтоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.

Ержан Еркінбаев, Kazakh Tourism Development компаниясының бас атқарушы директоры:

- Жобада бар болғаны 11 аспалы жол болады. Бұл халықаралық курорттардағыдай 420 көтергіш емес. Бар болғаны 11 экологиялық таза, қоршаған ортаға зиянсыз, заманауи әрі шу шығармайтын аспалы жол қарастырылған. Олардың барлығы электр қуатымен жұмыс істейді. Экологиялық жобаның ерекшелігін айқындау үшін негізінен ағаш конструкциялар қолданылады.