Биыл Көлсай көліне 330 мың турист саяхаттап барған
Алматы облысындағы Көлсай көліне биыл 330 мың турист саяхаттап барған. Мамандар жыл аяғына дейін олардың саны 600 мыңға жетеді деп болжап отыр.
Ұлттық паркте демалушылардың арасында шетелдіктер үлесі басым. Әсіресе Үндістан, Парсы шығанағы елдері мен Еуропадан келетін туристер көбейген. Көлсай көлі несімен тартымды?
«Көлсай көлдері» ұлттық паркі жай күндері шамамен 2 мың турист қабылдайды. Ал демалыс күндері олардың саны 6 мыңға дейін жетеді. Әрбір үшінші қонақ - шетелдік. Биыл әсіресе Үндістан, Парсы шығанағы, Еуропадан келушілер қатары көп.
Элеанор Бромли, турист /Ұлыбритания/:
- Англиямен салыстыруға әсте келмейді. Бізде бәрі тығыз орналасқан. Ал мұнда кең, байтақ жер. Киіз үй, табиғаты керемет. Әрине, бізде де әсем жерлер бар. Әйтсе де, дәл мұндай ауқымды емес. Тамаша әсер алдық. Маған Қазақстан өте ұнайды.
Мэтью Макдолнальд, турист /Ұлыбритания/:
- Қазақстанға екінші жыл келіп отырмын. Алайда бұл аумақта болған емеспін. Көлсай маған өте ұнады. Ғажап сұлу табиғат аясында еркін серуендеп, рахаттанып демаласың. Адамдар ашық, жылы шырайлы. Инфрақұрылымы да жақсы. Автобуспен оңай жеттік. Көл айналасындағы аяқ жолдары да ығайлы. Катамаранмен серуендеу мен үшін тосын жәйт болды.
«Көлсай көлдері» ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне еңгізілген. Парк аумағында 9 туристік соқпақ бар. Солардың ішінде - Төменгі Көлсай, Қайыңды көлі және Саты ауылына баратын бағыттар туристер арасында сұранысқа ие. Биыл Қайыңдыға баратын жол толық жөндеуден өтеді. Осыған дейін саяхатшылар көлге тек жол талғамайтын көлікпен жақындап барып, сосын жаяу жететін. Бірақ жол қиындығына қарамастан Қайыңдыны қалайтындар аз емес. Былтыр 200 мыңнан астам адам сол көлге барып, шомылған.
Бақыт Жүнісов, «Көлсай көлдері» МҰТП директоры:
- Былтыр Қайыңдының жолы басталды. Оған бюджеттен 2 млрд 400 млн теңге ақша бөлінген болатын. 2026 жылға өтті. Қазіргі уақытта жол 99 пайызға бітіп тұр. Алдағы уақытта салтанатты ашылуы болады. Абаттандыру жұмыстары бойынша Көлсай көлінде біз биыл есік соқпақтарды ауыстырамыз, 350 метр ескі соқпақ.
Мамандардың болжамынша, жыл аяғына дейін Көлсайға кемі жарты миллион турист келуі тиіс. Ұлттық паркте орман қорын молайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіледі. Мұнда жыл сайын 95 мыңнан астам Шренка шыршасының көшеті егіледі.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Гүлім Советхан, Аманжол Жонкешов