Ақтауда республикалық зияткерлік сайысы өтті

Ақтауда «Заңға құрмет - елге құрмет» атауымен республикалық «Quiz» зияткерлік сайысы өтті. Шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды.

Оған Астана, Атырау, Орал және Ақтөбе қаласы, Маңғыстау облысы бойынша 24 команда қатысып, кәсіби біліктілігін байқатты.

Республикалық маңыздағы шара азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру әрі заң талаптарын сақтау қағидаттарын қоғамға насихаттауды көздейді. Жеті кезеңді байқау шартына сәйкес қатысушылар 49 сұраққа команда болып жауап іздеді.

Ерназ Ахметкәрім, сайысқа қатысушы:

- Қарапайым кезде де, қоғамдық өмірде де кейбір келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін «Заң мен тәртіп» қағидатындағы кейбір мәселелер осы сұрақтарға жауап береді деп ойлаймын. Өзіміз 3-4 жылдың төңірегінде осы ақылдың айқасында, білімнің бәйгесінде өнер көрсетіп келеміз.

Айбек Досанов, сайысқа қатысушы:

- Жалпы ел болуы үшін керекті нәрселердің бірі тәртіп қой, әрине. Бірақ ол бір күнде немесе бір сәтте қалыптасатын дүние емес. Жаңаөзен қаласында және Маңғыстау төңірегінде интеллектуалды сайыстардың көбеюі біздерді қуантады. Әсіресе, осы «Заң және тәртіп» аясындағы Quiz-дар ерекше форматта өтіп жатқандығы қуантады.

Тартысты өткен танымдық байқауда қатысушылар қолданыстағы заңнамалар, соның ішінде азаматтардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша кәсіби біліктілігін көрсетті. Сайыс соңында үздік командалар марапатталды.

Гүлмира Балғожаева, Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы:

- Заң үстемдігін, құқықтық мәдениетті артыру бағытында осындай зияткерлік ойынына әртүрлі сала өкілдері қамтылған командалар жиналды. Бұл сайыстың жүлде қоры 1 млн 800 мың теңге. Бес орын тағайындалған.

Айта кетсек, зияткерлік шараны Маңғыстау облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Эко Маңғыстау» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев