Түркі әлемінің цифрлық археологиялық базасы құрылады
Түркі әлемінің ғалымдары бірлесіп ортақ археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Бұл туралы Мажарстанда өткен Түркі әлемінің археология саласындағы ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары одағының үшінші отырысында мәлім болды. Жиында сала мамандары тәжірибелік серіктестікті ұлғайту мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Ғалымдар бай тарихи мұраны қамтитын бірыңғай цифрлық база құруға келісті. Оған археологиялық нысандардың орналасқан жері, хронологиясы, ғылыми сипаттамасы мен зерттелу жағдайы туралы толық мәлімет енгізіледі. Сондай-ақ ғалымдар жыл сайын бас қосып, атқарылған жұмыстарды қорытындылайды.
Шаһин Мұстафаев, Халықаралық түркі академиясының директоры:
- Түркі академиясы 2023 жылы Самарқанда Түркі әлемінің археология институттары мен орталықтарының одағын құрды. Алғашқы жиын Әзербайжанның Шуша қаласында өтті. Биыл міне, Мажарстанның Бугац шаһарында басқосып отырмыз. Бұл кездесуге Түркі әлеміндегі археология орталықтарының басшылары түгел қатысып жатыр. Ғалымдармен ғұн дәуірінен бастап Түрік, Ұйғыр, Қырғыз қағанаты, Селжұқ, Қарахан мемлекетін зерттеуді көздейтін ортақ археологиялық жобаларды жүзеге асыруға келістік.