Қазақстанға шетелдік IT мамандар ағыны артып келеді
Әлем елдерінің ай-ти мамандары үшін Қазақстанның тартымдылығы артты. Визалық бағдарламалар арқылы елге ақпараттық технологиялар және өзге де цифрлық сала мамандары бет бұрып жатыр.
Олардың таңдауы неліктен Қазақстанға түсіп отыр? Бұл үрдіс ел экономикасына қандай пайда әкеледі?
Қазақстан әлемдік IT нарықтағы өз позициясын нығайтып келеді. Ол үшін еліміз әлемнің түпкір-түпкірінен цифрлық көшпенділерді тартуда. Осындай мамандардың бірі – Полина Батова. Ол төрт жыл бұрын Ресейден келген. Бүгінде банк саласында қызмет етеді.
Полина Батова, IT маманы:
- Мұнда мүмкіндік көп. Мысалы, Astana Hub түрлі стартаптарды тартады. Бастамаларын ашып жатқан таныстарым да бар. Маған бұл шынымды айтсам, қатты шабыт береді. Түрлі іс-шараларға қатысуға болады. Сонымен қатар қазақ тілін үйренуге, Астананың IT қауымдастығымен араласуға мүмкіндік бар.
Digital Nomad Visa бағдарламасы пилоттық режимде іске қосылды. Ол елімізде ұзақ мерзім тұруға мүмкіндік береді. Сол үшін де шетелдіктер арасында үлкен сұранысқа ие. Бүгінге дейін мыңнан астам өтініш түсіп, 500-ден астамы мақұлданды. Цифрлық көшпенді атанғысы келетіндер қатарында ТМД елдерінен бөлек, АҚШ, Канада, Еуропа, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің мамандары бар.
Рината Илюбаева, Astana Hub басқарушы директоры:
- Біріншіден, бұл – тәжірибе алмасу. Екіншіден, бұл – бизнестің дамуы. Атап айтқанда, IT өнімдерін экспортқа шығаратын шағын бизнес пен стартаптар артып, кіріс көбейеді. Үшіншіден, бұл – ауқымды жаһандық мақсат. Яғни Қазақстанды озық мемлекет, жасанды интеллект пен IT саласын дамытуда үлкен әлеуеті бар ел ретінде таныту, елдің имиджін көтеру.
Шетелдік ай-ти мамандары біздегі мүмкіндік жайында халықаралық технологиялық көрмелер мен кәсіби қауымдастық аясындағы ауқымды іс-шаралардан білгенін айтады. Бұл білікті кадрлар үшін Қазақстан Испания, Португалия, Кипр, Грузия, Армения, Өзбекстан секілді елдермен бәсекелесе алады. Цифрлық көшпенділер отандық IT экожүйесінің бір бөлігіне айналып, елдегі инновациялардың дамуына ықпал етіп жатыр. 2030 жылға қарай Қазақстан сала мамандардың санын айтарлықтай арттыруды көздеп отыр.
Авторы: Рухани Әбдірахман