Петропавл тұрғынына жалған ақпарат таратқаны үшін айыппұл салынды
Петропавл тұрғынына TikTok әлеуметтік желісінде жол-көлік оқиғасы туралы жалған ақпарат таратқаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлайды «24KZ».
Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының мәліметінше, биыл тамыз айында М. өз парақшасында жүргізуші велосипедшіні қағып кеткені, оның ауыр жарақат алып, жедел медициналық жәрдем көлігінде жатқаны және өздігінен жүріп-тұра алмайтыны туралы ақпарат орналастырған. Осы арқылы Ч.-ның құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына жағдай жасаған.
Алайда сот барысында бұл мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды. Велосипедшіге оқиға орнында медициналық көмек көрсетілгенімен, оны ауруханаға жатқызу қажет болмаған. Сонымен қатар, велосипедшінің өзіне жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.
Жалған ақпараттың таралғаны әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, оқиғаға қатысушының өтініші мен түсініктемелерімен және бейнежазбамен дәлелденген.
Сотта М. өз кінәсін мойындап, ұсынылған дәлелдемелерге қарсылық білдірмеген.
Сот қаулысымен М. кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК мөлшерінде, яғни 86 500 теңге айыппұл тағайындалды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз