Қытайда табиғи апатқа дайындайтын орталық ашылды

Апат айтып келмейді. Алайда «сақтансаң, сақтайды» деген тәмсіл бар. Мәселен, Қытайда тұрғындарды табиғат апаты кезінде аман қалуға үйрететін арнайы оқу-жаттығу орталығы жұмыс істейді. 

Мұнда кез келген адам алапат тасқын мен дүлей дауыл күшіне мінген уақытта қолдануға тиіс тәсілдерді меңгереді. 

Бұл арнайы орталыққа келушілердің қарасы қалың. Өйткені кейінгі жылдары Қытайда табиғи апат тіптен жиіледі. Оқу-жаттығудың құны - 235 доллар. Мамандар әуелі қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Кейін қорғаныс киімдерін береді. Орталықта екі түрлі дайындықтан өтуге болады. Соның бірі – су тасқыны. Таудан сел жүргенде қалай болатынын көрсету үшін 900 тонна су жіберілсе, ал қаланы басатын тасқынды үлгілеуге 400 тонна су пайдаланады екен.

Хуан Чжэн, жаттығуға қатысушы:

- Қазір күн райы құбылмалы. Сондықтан хабарламаларға мән беріп, сақ жүргеніміз жөн. Төтенше жағдайда не істеу керегін білуіміз керек. Бұл жаттығудан өту өте пайдалы тәжірибе деп ойлаймын. Табиғи апаттың қаншалықты қауіпті екенін өз басыңнан өткізгенде ғана жақсы түсінесің.

У Цзицзянь, жаттығуға қатысушы:

- Эль-Ниньо құбылысы табиғи апаттардың жиілеуіне әкеледі деп жатыр. Дүлей дауылдар мен тасқын көбейеді деген болжам бар. Табиғи апаттың алдын алу мүмкін емес. Алайда оған дайын болуымыз керек. 

Сондай-ақ орталықта мамандар қолдан дауыл соқтырып, одан қорғану жолдарын да үйретеді. Жасанды желдің жылдамдығы сағатына 165 шақырымға дейін жетеді. Сынақ кезінде тіпті жаңбыр да жаудырады. 

Ван Куанхань, нұсқаушы:

- Біздің орталық былтыр мамырда ашылды. Содан бері жүз мыңнан аса адам дайындақтан өтті. Олардың арасында оқушылар мен кәсіби құтқарушылар да бар. Тайфун кезінде ең дұрысы – үйден шықпау. Ал далада қалып қойсаңыз, сәл еңкейіп, тізені бүгіп жүрген жөн. Ең бастысы, көзіңізді жұмбаңыз. Айналада не болып жатқанын көру өте маңызды.

Ғалымдар климаттың өзгеруі Қытайға да қатты әсер ететінін ескертеді. «Эль-Нино құбылысынан алапат дауыл жиілейді», - деп отыр. Осы айдың аяғына дейін Тынық мұхитының солтүстік-батысы мен Оңтүстік-Қытай теңізінен 6 тайфун жақындауы мүмкін деген болжам бар. Таяуда ғана елдің солтүстік-шығысында «Бави» дауылы соғып, миллиондаған адам эвакуацияланған еді. Сондықтан алдағы 3 жылда Қытайда табиғи апаттарға дайындайтын тағы 5 орталық ашу жоспарланып отыр. 

Авторы: Зайнұр Байжігіт