Маңғыстау облысында газбен жылыту қазандықтары тексеріліп жатыр
Көгілдір отынмен жабдықтаушы мекеме мамандары аудан-ауылдарға барып, көпшілікті өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға үндеп жатыр.
Себебі өткен жылы аймақта жылыту маусымы кезінде тоғыз адам газдан уланған еді. Зардап шеккендердің арасында мектеп жасындағы балалар да болды.
Ережеге сәйкес газбен жылыту қазандығы жер үйден бөлек жерде тұруы керек. Мамандар: «Қазандықтың айналасына тез тұтанатын заттарды қойып, қоймаға айналдыру – өмірге қауіпті», - дейді. Көгілдір отынның ауаға таралуын немесе бөлмеге жиналуын жедел анықтап, газ құбырын автоматты түрде жауып тастайтын қауіпсіздік құрылғысын орнатуға кеңес береді. Осы бағыттағы кезекті түсіндірме шарасы Мұнайлы ауданындағы Айрақты ауылында өтті.
Досбол Жанбаев, ауыл тұрғыны:
- Анау-мынаудан Құдай сақтасын. Алайда жанбай қалса да қауіп болмасын деп ішін тазалап, жөндеп, мұржасының ішіне су құйып тазалаймыз. Ішінде түтін қалмасын деп. Мамандар жылына бір рет келіп, тексеріп, майлап кетеді. Сол кезде мынаны былай жасау керек деп айтып кетеді. Жаз болған соң бірдеңелерді салып қоямыз ғой. Қысқа таман бәрін шығарып, босатамыз.
Қазір Маңғыстауда 200 мыңдай абонент көгілдір отынды күнделікті тұтынады. Шамамен 80 мыңдайы – жеке тұрғын үй. Жылыту қазандықтарынан бөлек, жер асты және жер үсті газ құбырларының да жай-күйіне бақылау жүргізіліп жатыр. Ол үшін орта және жоғары қысымды газ желісіндегі қысым уақытша төмендетіледі. Содан соң құбырда ақаудың бар-жоғы мұқият тексеріледі.
Елдос Ізбенов, газбен жабдықтаушы мекеме өкілі:
- Бүкіл жұмыс кешенді түрде жасақталады. Оны біз қыркүйектің басына дейін аяқтауға тырысамыз. Қазірдің өзінде 90-94% аясындағы жұмыстары облыстық деңгейде атқарылды. Әрбір үйлерді аралап, басты назарға әлеуметтік осал топтағы отбасылар қарастырылады. Талаптарды орындамағандықтан ықтималдылық та көбейейді, улану қаупі жоғары болады. Жарылу қаупі де туындайды.
Былтыр облыста көгілдір отын жабдығын пайдалану ережесін сақтамауы салдарынан бес рет газдан улану дерегі тіркелді. Тоғыз адам зардап шегіп, бір адам көз жұмды. Сол себепті мамандар тұрғындарды газды пайдалану кезінде барынша сақ болуға шақырады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев