«Қазақмыс» Жезқазғанда спорт нысандарын салады
"Қазақмыс" Жезқазғанда 6 мың орындық жабық стадион мен заманауи теннис орталығын салады.
Компания мен Ұлытау облысының әкімдігі өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту жөнінде меморандумға қол қойды. Әлеуметтік жобалар қалада спортпен айналысуға жол ашумен бірге балалар мен жасөспірімдер спортының дамуына да серпін бермек.
Құжатқа облыс әкімі Есет Байкен мен «Қазақмыс» корпорациясының Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі қол қойды. 6 мың көрерменге арналған жабық футбол стадионы 2028 жылы қолданысқа беріледі. Нысанда футбол командалары мен спорт мектептері жыл бойы жаттығып, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстар өткізе алады. Ал заманауи теннис орталығында жабық және ашық корттар, жаттығу залдары мен спортшыларға қажетті медициналық және қалпына келу бөлмелері болады.
Есет Байкен, облыс әкімі:
- Бұл нысандар тұрғындардың, оның ішінде балалар мен жастарға спортпен айналысуға мүмкіндік береді. Жалпы Президенттің тапсырмасына сәйкес өңірімізде биыл және 2027 жылы 25-тен астам ірі әлеуметтік және инфрақұрылымдық обьектілердің құрылысы басталады.
Келісім аясында тараптар екі ірі жобаның негізгі техникалық және сәулеттік талаптарын бірге пысықтайды. Жобаның түпкі мақсаты – Жезқазғанда заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыру.
Руслан Өскенәлі, "Қазақмыс" Корпорациясы" ЖШС Басқарма төрағасы:
- 6-7 мың адамдық стадионға және теннисный центрді салуға меморандумды толықтырдық. Келісімі 2 жылдың ішінде менің ойымша меморандумдағы барлық жобаларды соғып шығамыз алған жауапкершілік бойынша. Сондықтан бүгін тарихи күн.
Айта кетейік, қазірдің өзінде Қазақмыстың демеушілігімен 28 млрд теңгеге өңірде бірнеше әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында мешіт пен Конгресс-орталық салу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, мәдениет нысандарын жөндеу және Кеңгір су қоймасының жағалауын абаттандыру жұмыстары бар.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев