Абай облысында қаладан ауылға қоныс аударғандар көбейді

Абай облысының ауылдарына қоныс аударғандар артып келеді. Өңірде «Қаладан ауылға» жобасы іске қосылғалы бері елдің әр өңірінен 400-ге жуық отбасы көшіп келген.

Кейінгі уақытта қызығушылық танытқандар саны тіпті көбейді. Өйткені қоныс аударушыларға жергілікті әкімдіктер тарапынан баспанамен қамту, жұмысқа орналастыру және біржолғы қаржылай қолдау бар.

Жоба іске қосылғалы Абай облысына 1241 адам қоныстанған. Солардың бірі Халимтаевтар отбасы. Бұл отбасы Шымкенттен Бородулиха ауданының Бірқұтов ауылына көшіп келген. Қоныс аударған бойда жергілікті әкімдік баспана мәселесін шешуге көмектесіпті. Ал отағасы үшін ауылдың табиғаты мен шаруашылыққа қолайлы жағдайы жаңа кәсіпке жол ашқан. 15 жылдан бері омарташылықпен айналысып жүрген ол кәсібін осында жалғастырып, табысын еселеуге мүмкіндік алды.

Шадиер Халимтаев, омарташы:                        

- Табиғаты күшті. Шемішке көп егеді. Урожай көп жақсы. Омартаны дамытуға қолайлы ауыл болғаннан кейін, осы Бүркіт ауылын таңдадым. Кәсіпті осы жерде дамытайық деген ниетпен келдік.

Ауылға ат басын бұрғандардың арасында Түркістан облысының Жетісай ауданынан көшіп келген Заманбек Дастан да бар. Жаңа ортаға тез бейімделген жас маманға жергілікті әкімдік мәдениет саласынан жұмыс ұсынған. Енді ол ауыл тіршілігіне етене араласып, жеке кәсібін бастауға ниетті. Оның айтуынша, мұнда қаладағы қарбаластан бөлек, еңбек етуге мүмкіндік мол.

Заманбек Дастан, Мәдениет үйінің ұйымдастырушысы:

- Жетісай ауданында бізде халық көп қой. Халық көп болғаннан кейін жұмыс жағы қиындау болады Мамандық бар, жұмыс жағы табылғаннан кейін, неге осы қаладан ауылға көшіп келмеске деген ой келді. Ауылдың өмірі, тыныс-тіршілігі тыныш қой. Керемет. Жұмыс бар.

Жобаның негізгі мақсаты  ауылға көшіп келген азаматтарға жаңа ортаға бейімделіп қана қоймай, тұрақты табыс табуына мүмкіндік беру. Осы ретте қоныс аударушыларға баспана мен жұмыс тауып, кәсіп бастауға дейін қолдау көрсетіледі. Кейбір ауылдарда жергілікті кәсіпкерлер де жаңа тұрғындарға мал беріп, шаруасын дөңгелетуге көмектесіп отыр. Осындай нақты қолдаудың арқасында жобаға қызығушылық танытқан отбасылардың саны көбейген.

Қанат Тұрар, «Қаладан – ауылға» жобасының үйлестірушісі:

- Алдыңғы апталарда орта есеппен, аптасына шамамен 10-15 отбасы көшіп келетін. Осы соңғы аптада 42 отбасы көшіп келді бір аптаның ішінде. Яғни осы «Қаладан-ауылға» жобасының қарқыны күшейгенін көрсетеді.

Бастапқы жоспар бойынша жыл соңына дейін Абай облысына 500 отбасын қоныстандыру көзделген. Алайда кейінгі көрсеткіштер бұл меженің ертерек орындалуы мүмкін екенін аңғартады. Демек, ауылға бет алған көштің бағыты айқын. Ал ауылдар үшін бұл  жаңа тұрғын, жаңа еңбек күші және жаңа мүмкіндік.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков