Жүктілік кезінде вакцина салдыру аутизм қаупін арттырмайды – Денсаулық сақтау министрлігі
Жүктілік кезінде вакцина салдырудың балада аутизм спектрі бұзылыстарының даму қаупін арттыратыны ғылыми зерттеулерде расталмаған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.
Комитет мәліметінше, ғалымдар жүкті әйелдерге тұмау, COVID-19, көкжөтел, дифтерия және сіреспеге қарсы вакцина салдыруға қатысты бес ірі зерттеудің нәтижесін талдаған.
Зерттеулерге он мыңдаған және жүздеген мың ана мен бала жұбы қатысқан. Олардың ешқайсысында жүктілік кезінде анасына вакцина салынған балаларда аутизм спектрі бұзылыстары немесе ерте нейродаму бұзылыстары қаупінің жоғарылағаны анықталмаған.
Мамандардың айтуынша, зерттеу нәтижелерінің сенімділігі зерттеуге қатысушылар санының көп болуымен, медициналық деректер базасының қолданылуымен және баланың денсаулығына әсер етуі мүмкін өзге де факторлардың ескерілуімен қамтамасыз етілген.
Осылайша, қазіргі ғылыми деректер жүктілік кезіндегі вакцинация балада аутизм қаупін арттырады деген тұжырымды растамайды, - деп нақтылады Денсаулық сақтау министрлігі.