Маңғыстауда 117 млн теңге субсидияны заңсыз алған кәсіпкер соттталды

Фото: depositphotos.com

Маңғыстау облысында туризмді дамытуға бөлінген 117,2 млн теңге бюджет қаражатын заңсыз алған кәсіпкер сотталды, деп хабарлайды «24KZ».

Прокуратураның мәліметінше, тергеу барысында жеке кәсіпкер «А» өкілі орындалған құрылыс жұмысының көлемі негізсіз ұлғайтылған жалған жобалық-сметалық құжаттаманы пайдалану арқылы Маңғыстаудағы демалыс базасының құрылысына жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу мақсатында 117,2 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік субсидияны заңсыз алғаны анықталды.

Сонымен қатар, нысанның мемлекеттік қолдау шаралары қолданысқа енгізілгенге дейін салынғаны және көрсетілген құрылыс жұмыстарының бір бөлігі іс жүзінде орындалмағаны белгілі болды.

Бұдан бөлек, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру мақсатында жымқырылған бюджет қаражаты банк депозитіне орналастырылып, нәтижесінде 5,6 млн теңге көлемінде қосымша кіріс алынған.

«Ақтау қалалық сотының үкімімен жеке кәсіпкер «А» өкілі аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру қылмыстарын жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді. Прокуратура мемлекеттік қолдау бағдарламалары шеңберінде бөлінген бюджет қаражатын заңсыз алғаны үшін заңда белгіленген жауаптылық қарастырылғанын ескертеді», – делінген прокуратураның хабарламасында.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз