Елде жергілікті шаруалар өсірген қауын-қарбыз көбейді

Тіпті жыл басынан бері отандық бақша дақылдарының экспорты екі жарым есеге артқан.

Қауын-қарбыздың басым бөлігі Түркістан облысында егілсе, бүгінге дейін ондағы фермерлер қарбыз алқаптарының 93%-ын жинап, 569 мың тонна өнім жинады. Сонымен қатар 718 мың тонна қауын жинап үлгерді. Еліміздің қарбыз экспорттаудағы әлеуеті қаншалықты артты? 

Биыл республика бойынша бақша дақылдарының жалпы егіс алаңы 83 мың гектарды құрады. Басым бөлігі – 63,2 мың гектары Түркістан облысында орналасқан. Сонымен қатар Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарында қауын-қарбыздың ірі егіс алқаптары бар. 

Түркістан облысында 42 мың гектар қауын, 20 мың гектардАн аса қарбыз егілді. Бүгінде қауынның 75%-ы яғни 718 мың тоннасы жиналды. Өнімділік гектарына 230 центнерден келеді. Қарбыз алқаптарының 93%-ы жалпы 569 мың тоннасы жиналды. Қауын-қарбыз бақшасы былтырға қарағанда 1,7 мың гектарға артты. Еліміздің бақша дақылдарын өсірушілер биыл өнімді молайтып, артылғанын сыртқы нарыққа жөнелтіп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері осы ретте шаруаларды қолдау шаралары жалғасып жатқанын айтып берді. 

Ерсайын Досымбетов, ҚР АШМ егіншілік департаменті суармалы егіншілікті дамыту басқармасының басшысы:
- Министрлік тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін қолдау мақсатында барлық кезең бойынша мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Оның ішінде атап айтқанда, жеңілдетілген кредит беру қарастырылған. Бұл шаруалардың егін егу және жинау жұмыстарына алдын ала әрі уақтылы дайындалуына, тыңайтқыш енгізуіне, агротехникалық шараларды уақытылы жүргізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар министрлік тарапынан ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу кезінде инвестициялық субсидиялар қарастырылған. Минералды тыңайтқыштар мен тұқымдарды сатып алған кезде де мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға арналған лизинг бағдарламасы да іске қосылған.

Бақша дақылдарын өсірушілер ішкі нарықты қамтумен қатар, экспорттық әлеуетті де нығайып келеді: шаруалар әсіресе Ресейге өнім жеткізу көлемін арттырды. Айта кетейік, 2020-2022 жылдары экспорт 156 мың тоннадан 53 мың тоннаға дейін төмендегеніне қарамастан, 2023 жылдан бастап оң динамика қарқын алды. Былтыр отандық бақша дақылдарын өсірушілер шет мемлекеттерге 107,6 мың тонна өнім жөнелтті. Кейінгі жылдары сыртқы сұраныстың артқаны, жеткізу географиясының кеңейгені байқалады. Біздің бақша дақылдарымызды Ресейден бөлек, Қырғызстан, Беларусь, Моңғолия сатып алады. Биылғы 5 айда экспорт көлемі 2,4 есеге өсті.

Бауыржан Ахметаев, «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары:
-
Өткен жылы біз 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 40 пайызға көп өнім экспорттадық. Биылғы статистика бұдан да жоғары көрсеткіштерді көрсетіп отыр. Яғни қазір экспорт көлемі бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз, әрі біздің әлеуетіміз әлі де жоғары. Экспорт бағыттарына келетін болсақ әрине, біздің перспективалы нарықтарымыз бар. Мысалы, Еуропалық Одақ елдері, атап айтқанда Қазақстанға жақын орналасқан Балтық жағалауы мемлекеттері жыл сайын белгілі бір көлемде өнім сатып алады. Сондықтан осы бағытта экспорт көлемін одан әрі кеңейтуге болады деп есептейміз.

Ал Қазақстан қай елдерден қауын-қарбыз сатып алады? Бірінші орында Өзбекстан тұр. Иә, ағайынды көрші ел бақша дақылдарын импорттауда айтарлықтай көрсеткішке ие. Былтыр елге жеткізілген қарбыздың 91%-дан астамы, қауынның 75%-ы Өзбекстанға тиесілі болды. Экономистер қалыптасқан берік сауда байланыстары мен жақын логистикалық бағыттардың пайдасын атап өтеді. Жалпы өткен жылы Қазақстан Иран, Қытай, Ресей және өзге шетелдік жеткізушілерден 52 мың тоннаға жуық қарбыз импорттады. Ал қауын импорты жыл сайын төмендеп отыр.

Сонымен қатар энерджи.пром агенттігі маусым айындағы нарықтық бағаларды да сараптап өткен. Ондағы дерекке сай, жаздың алғашқы айында, еліміздің оңтүстігіндегі бақша дақылдарын өсірушілер алғашқы өнімді жинау кезеңінде қарбыздың 1 келісі 261 теңгені құраған. Өзге қалаларда жаз маусымының басында қауынның келісі орта есеппен 434 теңге болды. Бұл 1 жыл бұрынғы бағадан 4,4%-ға төмен. Сарапшылар: «Маусымның басында бақша дақылдарының бағасы ең жоғары деңгейге жетеді», - дейді. Ал шілде айында баға күрт арзандап, тамызда ең төменгі деңгейге түседі.