Жаңаөзендегі «Болашақ сарайы» 400 баланы тегін оқытып жатыр

Жаңаөзендегі «Болашақ сарайы» жүздеген баланың зейінін дамытып әрі шығармашылыққа жетелеген білім орталығына айналды. 

Мұнайшылар қаласында бұрын болмаған жобаны Мемлекет басшысының тапсырмасымен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жүзеге асырды. Қазір оқушылар орталығындағы бірнеше үйірме балаларды тегін қабылдайды.

«Болашақ сарайы» - өнер мен білім ордасы

Өскелең ұрпақтың ғылым мен білімге деген қызығушылығын арттыруды көздеген «Болашақ сарайы» бір күнде 1,5 мың оқушыға дейін қабылдай алады. Вокал, хореография, қолөнер, көркем гимнастика, шахмат, робототехника, шет тілдері, физика үйірмесіне 400-дей бала тегін қатысып жүр.

Назерке Орынбасарова, оқушы:

- Мен шахматпен шамамен екі жылдай айналысамын. Осы «Болашақ сарайы» ашылғалы бері келіп жүрмін. Қазіргі деңгейім 2-разряд. Келесінде 1-разряд, соған тұрақты дайындалып жүрмін.

Лаура Нышантаева, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

- Балалар тектен-тек үйде жатпайды. Уақытын бос өткізгенше үйірмелерге қатысқаны жақсы деп ойлаймын. Менің балам осы үйірмеге қатысқалы қызығушылығын ашып, жақсы бір маман иесі болсын деген ниетпен бердім. 

Оқушылар орталығы заманауи технологиялық әрі оқу құралдарымен жабдықталған. Ендігі жоспар – жаңартылатын энергия көздері, бейнелеу өнері студиясы, актерлік шеберлік, журналистика үйірмесін, сондай-ақ ағаш шеберханасын ашу.

Рамазан Оразбаев, «Болашақ Сарайы» директорының міндетін атқарушы:

- Бірнеше үйірме ашылу жоспарда бар. Өз жұмыстарын жасайды. Тігін, дизайн үйірмесі, мультимедиа және де халықтық аспаптар: домбыра, классикалық аспаптар, гитара сынды ВИА-топ та алдағы уақытта өз жұмысын бастайды. Конкурс жарияланды. Мұғалімдер іріктеуге қатысып, сол конкурс арқылы қабылданады.

«ҚазМұнайГаз» – әлеуметтік жауапты компания ретінде өңірлерде әлеуметтік жобалар мен бастамаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Мысалы, былтыр Мемлекет басшысының зерделі әрі зияткер ұрпақ тәрбиелеу жөніндегі тапсырмасы аясында Жаңаөзенде «Daryn Joly» қайырымдылық жобасы бойынша 500-ден аса баланың қатысуымен олимпиада өтті. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев