Құрылтай сайлауы қарсаңында заңсыз сауалнама жүргізгендер жауапқа тартылды
Прокуратура органдары Конституцияда белгіленген өкілеттіктері аясында Құрылтай депутаттарын сайлау науқанының барлық кезеңінде заң талаптарының сақталуын қадағалауды жалғастырып келеді, деп хабарлайды 24KZ.
Құрылтай сайлауы қарсаңында сайлау заңнамасын бұзудың сегіз дерегі анықталды.
Бас прокуратураның мәліметінше, оның үшеуі — заңсыз қоғамдық пікір сауалнамасын өткізуге, бесеуі — үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде сайлауалды үгіт жүргізуге қатысты.
Осы деректер бойынша бір заңды тұлға мен жеті азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлығы кінәсін мойындап, интернеттегі заң талаптарына қайшы жарияланымдарын өшірген.
Бас прокуратура сайлауалды үгіттің 22 тамыз сағат 00:00-де аяқталатынын еске салды. Осыған байланысты 22 және 23 тамыз күндері үгіт жүргізуге тыйым салынады.
Сондай-ақ сайлауға қатысты қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, болжамдар мен басқа да зерттеулерді бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн платформаларда сайлауға дейінгі бес күн ішінде және дауыс беру күні жариялауға болмайды.
Дауыс беру күні сайлау учаскесінде қоғамдық пікір сауалнамасын өткізуге де тыйым салынған.
Заң талаптарын бұзғандарға 15-тен 35 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.
Бас прокуратура дауыс беруге дейінгі бес күнде және дауыс беру күні қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, сайлау қорытындысына қатысты болжамдар мен өзге де зерттеулерді бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн платформаларда жариялауға болмайтынын еске салды
Сондай-ақ сайлау күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе сайлау учаскесінде қоғамдық пікір сауалнамасын жүргізуге тыйым салынады.
Бұл талаптарды бұзған жеке тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш, ал заңды тұлғаларға 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Бас прокуратура бейбіт жиналыстарды өткізу тәртібін де сақтау қажет екенін ескертті. Атап айтқанда, жиналыс, митинг және пикет өткізу үшін алдын ала хабарлама берілуі, ал демонстрация мен шеру өткізу үшін келісім алу қажет.
Белгіленген тәртіпті бұзып, бейбіт жиналыстар ұйымдастырғаны немесе оған қатысқаны үшін заңнамада әкімшілік жауапкершілік, оның ішінде қамаққа алу жазасы қарастырылған.
Егер мұндай әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, қылмыстық жауапкершілік те көзделеді.
Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн платформаларда жалған ақпарат пен заңға қайшы контент таратуға жол берілмейді. Мұндай әрекеттер үшін жағдайға қарай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Бас прокуратура сайлау процесіне қатысушыларды заң талаптарын қатаң сақтап, құқық бұзушылыққа жол бермеуге шақырды.