Бас прокуратура сайлау заңнамасын бұзғандарға жаза барын еске салды
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы елдегі қоғамдық-саяси науқандар мен алдағы маңызды шаралар кезінде заңдылықты қатаң сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ресми үндеу жариялады, деп хабарлайды «24KZ».
Қадағалау органы еске салғандай, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, дауыс берілетін күннің алдындағы бес күн ішінде және сайлау күнінің өзінде бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау болжамдарын және кандидаттарды қолдау көрсеткіштерін жариялауға қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ сайлау күні дауыс беру пункттерінде сауалнама жүргізуге де жол берілмейді. Бұл талаптарды бұзған жеке тұлғаларға 10, заңды тұлғаларға 25 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл қарастырылған.
Бұдан бөлек, прокуратура бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Заңға сәйкес, митингілер мен пикеттер үшін хабарлама жасау, ал шерулер мен демонстрациялар үшін арнайы келісу тәртібі белгіленген. Белгіленген ережелерді бұзып өткізілген жиындар үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша қамаққа алуға дейінгі жаза қолданылады. Егер бұл әрекеттер қоғамға немесе мемлекетке елеулі зиян келтірсе, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік туындайды.
Сондай-ақ масс-медиа мен әлеуметтік желілерде жалған мәліметтер таратқаны үшін де заң аясында қатаң шаралар көзделген. Келтірілген зиянның ауқымына қарай кінәлілер ӘҚБтК-нің 456-2-бабы бойынша әкімшілік жазаға тартылуы немесе Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Осыған орай, Бас прокуратура сайлау процесінің барлық қатысушысын заң талаптарын бұлжытпай орындауға және кез келген құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырады.