Алматыда «Қазақфильм» аумағында жаңа саябақ салынады

Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясының аумағында жаңа заманауи тақырыптық саябақ бой көтереді.

Алматыға жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қала әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге ауқымды жобаның жүзеге асу барысымен танысты. Олар «Қазақфильмнің» бүгінгі ахуалымен, өндірістік мүмкіндіктерімен және алдағы даму бағыттарын талқылады. Сонымен қатар министр киностудия аумағын абаттандырып, оның мәдени және туристік әлеуетін арттыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.

«Қазақфильм» киностудиясы – ұлттық кино өнерінің қалыптасып, өркендеуіне айрықша үлес қосқан мекеме. Қолданыстағы жоспарға сәйкес, Алматы әкімдігі киностудияға іргелес жатқан 5,5 гектар жерге отандық кино тарихы мен көрнекті кино қайраткерлеріне арналған заманауи тақырыптық саябақ салуды жоспарлап отыр. Болашақта бұл орын мәдени-ағартушылық шаралар, шығармашылық кездесулер мен түрлі жобалар ұйымдастырылатын жаңа қоғамдық кеңістікке айналмақ.

Батырхан Сүлейменов, Қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының басшысы:

- Вице-премьер атап өткендей, киностудия аумағы қараусыз қалып, көпшілік үшін жабық болатын. Құрылыс жұмыстары біткен соң, саябақ ашылып, оның аумағы отбасылық демалысқа арналған орын болады. Әрі бұл кеңістік Алматының мәдени ортасын толықтырып, кино тарихын көпшілікке кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді. Бұл жоба қаланың келбетін көркейте түседі деген ойдамыз.

Аида Балаеваның айтуынша, ұлттық киностудияны сақтап, оның жұмысын жандандыру – мемлекет үшін маңызды міндет. Бұған дейін «Қазақфильмді» банкроттыққа ұшырату әрекеттері жасалып, киностудияның мәртебесі қарапайым продюсерлік компания деңгейіне дейін төмендеп кетуі әбден мүмкін еді. Осыған байланысты заңнамалық тұрғыда бірқатар қолдау шарасы қабылданды. Оның ішінде киностудияны мемлекет тарапынан тікелей қаржыландыру мүмкіндігі де қарастырылыпты. Бұдан бөлек, Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қазақфильммен» бірлесіп, киностудия аумағының қалған бөлігін кешенді түрде жаңарту мәселесін пысықтап жатыр.

Құрманбек Жұмағали, «Ұлттық киноны қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы:

- Осының барлығы не үшін жасалып жатыр? Жаңа бір тарих басталсын, ел үшін, қоғам үшін пайдалы іс болсын, кино саласының мамандары қазақ киносының жарқын-жарқын жобаларымен қуанатын болсын деген ниетпен басталып жатқан жұмыстар.

Аида Балаева киностудия аумағында ауқымды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын қолға алған Алматы әкіміне алғысын білдірді. Қазір «Қазақфильмді» жаңғырту бағдарламасы аясында реквизиттер мен кино жабдықтарын цифрландыру жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ соңғы 15 жылда алғаш рет демеушілердің қаржысы есебінен киностудияда ішінара жөндеу жұмыстары басталды.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Әбен Нарымбаев, Радик Жакупов