Павлодар әуежайы қайтадан іске қосылды
Бір жылдан астам үзілістен кейін Павлодар әуежайы қайта іске қосылды.
Бүгін таңертең алғашқы рейс еліміздің бас қаласы Астанадан Павлодарға келіп қонды. Әуежайдың ұшу-қону жолағын жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын дамыту және өңірлердің өзара байланысын арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізілді. Реконструкция жұмыстары Халықаралық азаматтық авиация ұйымының – ICAO талаптарына сәйкес жүзеге асты.
Бүгін павлодарлықтар үшін тарихи сәт. Жаңғыртуға жабылған әуежай қайта ашылып, алғашқы ұшақты қабылдады. Осылайша жиырма жылдай жөндеу көрмеген әуежайдың жаңа кезеңі басталды. Әуежай жұмысын қайта бастау үшін барлық қажетті рұқсат құжаттарын алды. 17 тамызда авиациялық қауіпсіздік қызметі, 21 тамызда аэродромның жарамдылығы сертификатталды.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:
- Келесі кезең біз әуежайдың өзінің аэровокзалын реконструкияға кірісеміз. Бірақ бірден айтып кетемін бұл реконсткруция әуежайдың жұмысына кедергі болмайды. Рейстер бағыттарда толығымен атқарылатын болады. Одан басқа Шымкент, Ақтөбе және де Маңғыстау бағыттарында рейс ашылуы көзделген.
Күрделі құрылысқа 16 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Оның 9,3 миллиарды қайтарылған активтер есебінен бөлінді.
Ербол Құлбаев, ҚР Бас көлік прокурорының бірінші орынбасары:
- Мемлекет басшысының тапсырмасымен бүгінгі таңда бір триллионнан астам ақша қайтарылды. Сол ақшаның 9,3 миллиард теңгесі осы Павлодар қаласының әуежайының ұшу-қону жолын жаңғыртуға жұмсалды.
Жаңарту аясында ұшу-қону жолағы 45-тен 60 метрге дейін кеңейтілді. Жарықтандыру, бейнебақылау жүйелері жаңартылып, жаңа қоршау орнатылды. Ал алғашқы жолаушыларға шашу шашылып, естелік сыйлықтар табысталды.
Ыспан Айтқазин, Ақсу қаласының тұрғыны:
- Бүгін өте бір қуанышты күн болды. Біздің Павлодарда мінекей жаңадан ашылды әуежай осы міне өзім келіп міне қыздарымды қарсы алып тұрмын. Өте қуаныштымыз, елдің игілігініне болсын.
Әзірге Астана мен Алматы бағытында тұрақты рейстер қатынайды. Ал келешекте Новосібір – Павлодар – Ташкент бағытын ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков