Ақтөбеде 26 саябақ абаттандырылады
Ақтөбеде қараусыз жатқан жерлерге саябақтар салынып жатыр. Арамшөп қаулап, қоқыс алаңына айналған бірнеше жер телімі қала меншігіне қайтарылған.
Қазір бұл жерлерді демеушілер қоғамдық демалыс орнына айналдырып жатыр. Жалпы облыс орталғында 26 сквер мен саябақ абаттандырылады.
Ақтөбенің тарихи бөлігі саналатын Алтынсарин көшесіндегі шағын сквер бірнеше жылдан бері қараусыз қалған. Кеңес заманында төселген асфальты қирап, шаңы шығып жататын. Бұл қоғамдық кеңістікті қайта қалпына келтіру жергілікті кәсіпорындардың біріне жүктелді. Олар жаяу жүргінші жолын жаңартып, сәндік электр шамдарын орнатқан. Мердігер: «Қоғамдық кеңістікті ескі қаланың сәулетіне сай етуге тырыстық», - дейді.
Жақсылық Өтебаев, құрылыс компаниясының өкілі:
- Жақсы мамандарды шақырдық. Гүлдер ектік. Ортада тұрғаны – барбарис гүлі. Оның жан-жағындағысы жапон спиреясы деп аталады. Бұл – өте төзімді өсімдік. Өскен кезде әдемі болады. Жан-жағы қызыл, ортасы сары болады.
Қоғамдық демалыс орындарын абаттандыру жұмыстарына жеке кәсіпкерлер соңғы екі жылда белсенді атсалысып келеді. Мәселен, былтыр демеушілер 15 сквер салды. Ал биыл облыс орталығында 26 саябақта құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Азамат Бекет, қала әкімі:
- Қазір оларды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, сондай-ақ жаңа скверлер ашып жатырмыз. Жер теңгерімін қайтару жұмыстары да жүріп жатыр. Қазіргі кезде пайдаланылмайтын немесе мақсатына сай келмейтін жерлерді қайтарып, халық игілігі үшін осындай скверлер жасап жатырмыз.
Солардың бірі – Бөкенбай батыр көшесі бойындағы «Сәлем» саябағы. Бұрын жекенің меншігіндегі жер телімінде көлік тұрағы болатын. Тозығы жеткен техника мен түрлі қоқыс үйіліп жатқан орын тазартылып, заманауи қоғамдық кеңістік салынып жатыр.
Құдайберген Жаңқабаев, қала тұрғыны:
- Мына жерде бұрын қоқыс, ретсіздік болып жататын. Қазір аздап тәртіпке келтіріп жатыр. Балаларға арналған ойын алаңын жасап жатқан шығар. Жақсы болады деп ойлаймын. Біз 12-шағынаудандағы саябаққа, жағалауға барамыз. Мына жер де абаттандырылса, мұнда да келуге болады. Жақсы.
Шаһарды абаттандыруға атсалысып жатқан мердігерлер құрылыс жұмыстары күз айларына дейін аяқталады дейді. Ал саябақтарды күтіп ұстау қаланың Астана және Алматы ауданы әкімдіктеріне жүктеледі.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов