Қостанайда жаңа аквапарктің техникалық ашылу рәсімі өтті

Салтанатты шараға қатысқан көпшілік ауқымды демалыс кешенінің құрылымымен, ішкі жабдықталуымен танысты. Су сырғанақтарын алғаш сынап көргендер де болды. 

Бастан-аяқ жаңадан салынған бұл аквапарк еліміздегі ең ірі жабық демалыс су кешені деп саналады. Аумағы 10 мың шаршы метрге жуық. Ішінде 7 бассейн, 7 су сырғанағы бар. Солардың арасында бейнебір теңіз жағасындағыдай толқынды бассейін ерекше тартымды.

Рауан Байгенжин, жоба жетекшісі:

- Қазіргі кезде техникалық ашылуы өтуде. Бұл, яғни, біздің құрылыс жұмыстарымыз 99 пайызға аяқталған деп саналады. Тестілеу жұмыстары және барлық инженерлік құрылғыларды іске қосу жұмыстары өтуде қазіргі кезде.

Бұл аквапарк бір мезетте 500 адамды қабылдай алады. Қауіпсіздік мәселесі ерекше назарда. 

Дастан Мырзалиев, учаске басшысы:

- 109 қызметкер болады мұнда, оның – 80 пайызы құтқарушылар. Ал енді инженерлік тұрғыдан қарайтын болсақ, ғимараттың өзінде датчиктері бар. Кішкене бір ақау болса, барлығын қарап отырады.

«Тұрғындар үшін осындай ыңғайлы, абаттандырылған орындар қалада көп болуы керек», - дейді облыс әкімі.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Биылдың өзінде 90-нан аса көшелер жөнделіп жатыр. Үйдің қасындағы алаңдар, балаларға арналған спорт және демалатын алаңдар салынып жатқандығын айтқым келеді. Тек былтырдың өзінде жаңа 5 парк пен сквер ашылды. Осы жылдың қыркүйектің аяғына дейін тағы да екі ірі парк ашылатын болады.

Аквапарк алдағы қыркүйек айында келушілерге есігін айқара ашпақ.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров, Сергей Хаймин