Оралда динозаврлар да дауыс берді
Бүгінгі маңызды күні тарих қойнауына кеткен динозаврлар да дауыс берді. Оралдағы №481 сайлау учаскесіне келген ерекше кейіпкерлер елді елең еткізді. "Динозавр образына енудегі мақсатымыз тек көптің көңіл күйін көтеру емес, елдің сайлауға назарын аудару", - дейді белсенділер.
Айна Алтайқызы Орал шаһарының Автопарк ауданында тұрады. Белсенді жас бүгінгі сайлаудың маңызын жете түсінеді. «Халықтың қалауымен жасақталған Құрылтайдың елдің ертеңгі дамуындағы орны ерекше, сондықтан осы саяси маңызды сәттен тыс қалмай, қасымдағы құрбымды ерте келдім», - дейді ол. Қос құрбы учаскеге жай келе салмай, мыңдаған ғасыр бұрын өмір сүрген динозавр кейпінде келуді ұйғарған.
Айна Алтайқызы, сайлаушы:
- Бүгін ерекше тарихи күн болғандықтан, жалпы динозаврлар үшін тарихи сәттерде өмір сүру үйреншікті жағдай. Сол үшін біз де қалыспай келдік. Адамдар үшін болашақ маңызды күн ғой, сол себепті дауыс беруге барлығын шақырамыз. Өмірде барлығын көрдік деп тек динозаврлар айта алатын сияқты. Сол үшін осы динозавр кейпінде келдік.
Жамбыл көшесінде орналасқан №481 сайлау учаскесінде 2239 сайлаушы тіркелген. Учаскеде ерекше қажеттілігі бар жандарға барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар тізімнен табылмай қалғандарға онлайн сервис қызметі де ұйымдастырылған
Асқар Сандыбаев, №481 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:
- Халыққа бар жағдай жасалған. Егер де тұрғылықты жері бойынша тіркелмесе, онлайн қызмет көрсету арқылы тексереміз. Мекенжайын тіркеу үшін бес учаке бар. Соларға барып мекенжай бойынша тіркей алады. Тіркегеннен кейін өзінің даусын береді.
Орал өңірінде 450 мыңнан астам азамат сайлауда өз таңдауын білдіре алады. Сайлау барысын 21 қоғамдық ұйым өкілдері және 10 шақты шетелдік байқаушы бақылауда.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов