Ақмола облысында Жақсы-Есіл бағытындағы жол жөнделіп жатыр

Ақмола облысында Жақсы-Есіл бағытындағы жол жөнделіп жатыр.

Алматы-Екатеринбург трассасының бір бөлігі саналатын аталған учаскенің құрылысына ел қазынасынан 3 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жергілікті тұрғындар күре жолдың игілігін қашан көре бастайды?  

"Жолдың жайын жүрген біледі" демекші, аталған жолдың ой-қыры оның бойында орналасқан 5-6 ауылдың тұрғындарына жақсы таныс. Әсіресе қос ауданның ортасындағы 30 шақырым жол көлік жүргізушілерін жыл он екі ай азапқа салатын. Енді ол күннің бәрі артта қалмақ.

Мұхамеджан Арапбай, Жақсы ауылының тұрғыны:

- Бұған дейін жолымыздың жағдайы өте нашар болатын. Машиналарымыз бұзылып, баллондарымыз жарылып шұңқырлардың кесірінен. Ойлаған жерімізге жету қиын болатын. Қазіргі таңда енді Жақсы мен Атбасардың арасы, Қазақ ауылының арасына өзіміз тез жетіп жатырмыз. Ризамыз. 

Жол құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған. Осы айдың соңына дейін барлық жұмыс аяқталады, дейді мердігерлер. Жалпы бұл күре жолмен жеңіл көліктерден бөлек транзиттік жүк көліктері де көп жүреді. 

Ерлан Әбдіков, мердігер ұйым директорының орынбасары:

- Бір тәулікте бұл жолмен шамамен 5 мыңға жуық көлік қатынайды. Оның 3 мыңы жүк көлігі. Сондықтан біз сол ағынға шыдас беретін, сапалы материалдарды қолданып жатырмыз. Асфальт төсеп қана қоймай, жол жиіктерін де бекіттік. 

Ал жұмыстың сапасы құзырлы органдардың жіті бақылауында. Мамандар күн сайын сынама алып, бәрін тексеріп тұрады.

Нұрсұлтан Тілеуханов, техникалық қадағалау сарапшысы:

- Күн сайын құрылыс учаскесіне келіп мониторинг жүргіземіз. Жол активтері ұлттық сапа орталығы да зертханалық зерттеулер жүргізіп тұрады. Қазір бұл жол барлық сынамадан сәтті өтті. Сондықтан біз осы айдың соңында оны іске қосуды көздеп отырмыз. 

Қазір өңірде үш бірдей республикалық тас жол орташа жөндеуден өтіп жатыр. Оның жалпы ұзындығы 90 шақырымнан асады. Сондай-ақ, Жақсы, Есіл және Ерейментау бағыттарындағы жолдағы күрделі жөндеу жұмысы аяқталуға жақын.

Рүстем Әбілов, "Қазавтожол" ҰК" АҚ АОФ директорының орынбасары:

- Жақсы-Чистополе бағытындағы 58 шақырым жолды келер жылы іске қосамыз. Ал Жақсы-Есіл-Бұзылық бағытындағы 80 шақырым жол пайдалануға берілді. Кейбір жолдардағы көпірлерді де жаңартып жатырмыз.

Жалпы аймақ бойынша 600 шақырым жол жөнделіп жатыр. Оның ішінде аудан және ауылдардағы тозығы жеткен жолдар бар. Бұл мақсатқа республика қазынасынан 72  миллиард теңге бөлінген. 

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко