Елде міндетті сақтандыру түрі кеңейеді
Қазақстанда сақтандыру сыйлықақыларының көлемі кейінгі бес жылда екі есе артты. Ал сақтандыру ұйымдарының активтері 3,9 трлн теңгеге жетіп, екі есеге ұлғайған.
Бұл туралы Алматыда «Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын» талқылау кезінде айтылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк қызметкерлері және сала өкілдері жаңа құжатты талқыға салды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп жатқан құжат сақтандыру нарығын нығайтып, оның халық үшін қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бағдарламада міндетті сақтандыру түрлерін кеңейту, ерікті медициналық сақтандыруды дамыту, зейнетақы жинақтары және цифрландыру бағыты қамтылған. Мамандар «Сақтандыру қызметі туралы» жаңа заң жобасы да әзірленіп жатқанын атап өтті.
Олжас Әшкеев, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының төрағасы:
- Міндетті сақтандырудың кеңейтілуі ол табиғи, зілзалаға қарсы сақтандыру және де бұған дейін олар міндеттінің құрамына кірмеген. Мысалға, ол дәрігерлердің жауапкершілігі, көп адамдардың шоғырланған жердің сақтандырылуы және кедендік сақтандырулар. Осының бәрі жаңа заңнамаға міндетті болып енгізіліп жатыр.
Серікболсын Төлебеков, Сақтандыру нарығы және актуалдық есеп айырысу департаменті директорының орынбасары:
- Міндетті автокөлікті сақтандыру түрі сақтандыру шарты жасалған кезде адамға түсінікті болатындай, тарифты адамның тәуекелдеріне бейімдеп жасау көзделіп отыр. Тағы да басқа бағыттар қарастырылған.