Шымкентте газ құбыры қайта қалпына келтірілді
Шымкентте апаттан кейінгі газ құбырын қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.
Таңнан бері табиғи отынсыз отырған 1800-ден астам абонент пен тоғыз кәсіпорын газға қосылып жатыр. Бұл туралы «QazaqGaz Aimaq» мекемесінің өкілдері мәлімдеді. Кеше жер қазу жұмыстарын жүргізген мердігерлер жоғары қысымды газ құбырын зақымдап, салдарынан өрт шыққан. Қызыл жалыннан жүк көлігінің кабинасы жанып кетті. Зардап шеккендер жоқ. Шығын көлемі есептеліп жатыр.
Елдар Қуандықов, QazaqGaz Aimaq" филиалының өндірістік-техникалық бөлімі бастығының орынбасары:
- Аталған оқиға орнына 18 тамыз күні филиал мамандары келген. Газ құбырының қорғау аймағын көрсеткен. Ерекше белгілеу мақсатында газ құбырының айналасында техникамен қазу жұмыстарының болмайтындығын, тек қана қолмен қазу жұмыстары жөнінде ескертілген. Алайда назарға алмай мердігер мекеме көлбеу, бұрғылау жұмыстарын атқарған. Соның салдарынан апат орын алып отыр.