Алматы облысында көліктерді заңсыз тіркеген 17 адам сотталды

Алматы облысында 800 көлікті заңсыз тіркеуге қойған қылмыстық топ мүшелері сотталды. Барлығы 17 адам істі болды.

Олардың әрқайсысына қылмыстағы рөлі мен қатысу деңгейіне қарай 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қылмыстық әрекет нәтижесінде мемлекетке 6,6 млрд теңгеден астам сома төленбеген. Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, ұйымдастқан топ екі жыл бойы заңды айналып өтіп, жұмыс істеген. Бастапқыда олар Қазақстанға әкелінген 642 жүк көлігін заңсыз тіркеген. Кейін қылмыстық әрекет жеңіл көліктерге көшкен. Заңсыз әкелінген көліктерге Қазақстанда бұрын тіркеліп, кейін есептен шығарылған көліктердің VIN-кодтары берілген. Осы тәсілмен тағы 209 көлік есепке қойылған.

Ернар Тайжан, ҚМА ресми өкілі:

- Заңсыз схемаға полиция қызметкерлері, мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері және жеке нотариустар қатысқан. Олар ақпараттық жүйелерге жалған мәлімет енгізуді және жалған тұлғаларға сенімхат рәсімдеуді қамтамасыз еткен. Төленбеген тіркеу алымының сомасы 5,4 млрд теңгені, утиль алымы 1,2 млрд теңгені құрады. Тергеу барысында көлік иелері алғашқы тіркеу алымдарын өз еркімен төлеп, нәтижесінде мемлекетке 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды. Сонымен қатар сот үкімімен сотталғандардың қылмыстық табысқа сатып алған бес автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді. Бұрынғы төрт полиция қызметкері арнайы атақтарынан айырылды. Қатысы бар нотариустарға сот нотариаттық қызметпен айналысуға тыйым салды. 

Сондай-ақ оқыңыз: