Түркістан облысында халықаралық көлік дәлізі іске қосылды
Түркістан облысында халықаралық маңызы бар автомобиль жолы пайдалануға берілді.
Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын М-39 «Алматы – Термез» халықаралық көлік дәлізінің 24,1 шақырымы Мақтаарал ауданы арқылы өтеді. «Жаңартылған І санаттағы автожолдың іске қосылуы Мақтаарал ауданының транзиттік және логистикалық мүмкіндігін арттырады», - дейді мамандар.
М-39 «Алматы – Термез» халықаралық көлік дәлізінің құрылысы 2024 жылдың қыркүйек айында басталды. Орташа жөндеу жұмыстары 2 жылға жуық уақыт жүргізіліп, пайдалануға берілді. «ҚазАвтоЖол» өкілдері І санаттағы төрт жолақты автомагистраль кең әрі қауіпсіз автожолға айналғанын айтады. Жоба құны – 3 млрд теңге.
Қуатбек Нұрбаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ТОФ директорының орынбасары:
- Бұл жерде негізінен жолдың бүлінген бетон қабаттары қайта түзелді. Сосын бетіне 400 мың шаршы метр асфальт қабаты төселді. Жол жиектерінің тастары ауысты. 6 көпірдің асфальт жабындысы және жіктері ауысытырылды. Бұл енді үлкен жол болып саналады. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы транзит жол есебінде салынды.
Мамандар халықаралық автомагистраль екі ел арасындағы шекаралық байланысты нығайтып қана қоймай, халықаралық транзиттік дәліз ретінде маңызды рөл атқаратынын айтады. Себебі автожолмен тәулігіне 15 мыңға дейін көлік қатынайды. Жүк және жолаушылар тасымалы үздіксіз жүзеге асатындықтан, жол инфрақұрылымын жаңғыртудың да маңызы зор. Жол бойына аялдамалар, заманауи жол белгілері, жарықтандыру жүйесі және тосқауыл қоршаулар орнатылған.
Серік Тұрсынқұлов, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары:
- Бұның барлығы тұрғындар мен жол қозғалысына қатысушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай қалыптастыруға бағытталған нақты жұмыстар. Жаңартылған көлік дәлізі «Целинный» және «Сырдария» шекара өткізу бекеттерінің өткізу қабілетін арттырып, ауданның транзиттік мүмкіндігін одан әрі кеңейтуге серпін береді.
Айта кетейік, жаңа жолдың іске қосылуы, ең алдымен, Мақтаарал ауданының жүк тасымалы мен көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі арттырады. Одан бөлек, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, халықаралық сауда және экономикалық байланыстардың дамуына оң әсерін тигізбек.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов