Семей ядролық полигоны жабылғанына 35 жыл
Биыл әлемдегі ең үлкен ядролық сынақ алаңы – Семей полигонының жабылғанына 35 жыл.
Қазақ даласында 40 жыл бойы жүргізілген жарылыс жұмыстары бір жарым млн-нан аса адамның өмірін жалмады. 18 млн гектар сынақ алаңында 456 мәрте болған дүмпу мыңдаған жанның жүрегіне жазылмас жара салды. Күні бүгінге дейін радиациялық сәулелердің салдарын халық тартып келеді. Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 35 жылдығына орай елордада дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға 40-тан астам сарапшы қатысып, ядролық дипломатияның қағдидаттары мен тетіктері сынды бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.
Әсем Хайдарова, ҚР Президенттік орталығының жетекші ғылыми қызметкері:
- Әлемдегі екінші ядролық полигон аймағының жабылуы бұл әлемдік деңгейдегі үлкен оқиға болып табылады. Ядролық қарудан бас тарту, бейбіт қарым-қатынасты орнатуды бағалап, БҰҰ 29 тамызды ядролық қарудан бас тарту күні ретінде белгілеген болатын. Мемлекет тарапынан Невада – Семей қозғалысының салдарымен күресу әлі де жалғасып жатыр. Бірақ оның барлығы бір күнде бітетін жұмыс емес. Өйткені салдарын әлі күнге шешіп келеді.