Елде 5 мың мұғалім қажет
Елде 5 мыңнан астам мұғалім жетіспейді. Педагогтарға сұраныс артып жатыр. Тамыз конференциясында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы осы мәселеге назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-ағарту саласындағы кадр тапшылығын жойып, ұстаздардың біліктілігін көтеру қажет, - деді. Президент кадр мәселесін шешу бағытында біраз шаруа атқарылуға тиіс екенін атап өтті. Биыл педагог мамандығын таңдаған 12 мыңнан астам түлек мемлекеттік грант иеленді. Мемлекет кейінгі 7 жылда білім жүйесін дамытуға 6,4 триллион теңге қаржы бөлді. 5 жылда 1120 мектеп салынып, 5 мыңнан астам ауыл мектебі қайта жабдықталды. Өңірлерде «Келешек мектептері» жобасы аясында 217 мектеп бой көтерді. Елдегі 8 мыңнан астам мектепте 4 млн бір жүз мың оқушы білім алып жатыр. Биыл 380 мың бала бірінші сыныпқа аяқ басты. Білім беру ұйымдарына ерекше білім беру қажеттілігі бар 4 202 бала қабылданды.