Атырау облысында инклюзивті білім беретін маман тапшы
Қала мен аудандарда 100-ге жуық педагог жетіспейді. Жалпы өңірде сегіз мыңға жуық ерекше білім беруді қажет етеді. Алайда маман тапшылығынан көбі үйде білім алады.
Ал жергілікті әкімдік саладағы мәселені шешу үшін білім грантын көбейтіп жатыр.
Көпбалалы ана Лаура Есбақова ерекше қажеттілігі бар екі ұл өсіріп отыр. Маман жетіспеушілігінен үлкен баласы орта білімді үйде алды. Оқуын жалғастырғысы келді, алайда арнайы педагогтің жоқтығынан колледждер қабылдамаған. Қазір екінші ұлы да 5-сыныпты үйде оқып жатыр. «Ерекше балаларды оқыту оңай емес»,- дейді ол. Білім беру жүйесін әлі де жетілдіру керегін айтады.
Лаура Есбақова, қала тұрғыны:
- Енді неше жасқа келсе де, бұл балаларға оңалту, түзету жұмыстары өмірбақи керек. Сол себепті бұл балаларды қоғамға қосу үшін, қандай да бір нәтижеге жету үшін университетте мұғалім мамандығына даярлаған кезде ерекше балалармен жұмыс жасау, яғни инклюзия бағытында қосымша бірге білім берілсе деп өзім ұсыныс айтқым келеді. Сонымен қатар жеке кабинеттер көбейтілсе.
Қазір өңірде ерекше қажеттілігі бар 7900 бала есепте тұр. Олармен жұмыс істейтін 19 арнайы ұйым бар. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация мекемесі, түзету кабинеттері, арнайы мектеп-интернат, балабақша мен 40 инклюзивті қолдау кабинеті жұмыс істеп тұр. Өкінішке қарай, ерекше қажеттілігі бар бала саны көбейіп барады. «Сондықтан инклюзивті білім беру кабинетін көбейту маңызды», - дейді мамандар.
Ақмарал Боранханова, облыстық Білім басқармасы бөлімінің бас маманы:
- Жалпы 260-тай арнайы маман жұмыс жасайды. 400-дің үстінде педагог-ассистент қызмет етіп жатыр қазіргі уақытта. Сонымен бірге 17 жеке көмекші қызмет етіп отыр білім беру ұйымдарында. Қазіргі уақытта 100-дің шамасында бізге арнайы педагог маман керек. Яғни 54-і оның мектептің қажеттілігі болып отыр. Ал 60-тың үстінде балабақшаларға керек мамандар, логопедтер, дефектологтар.
Маман тапшылығын жою мақсатында жыл сайын жергілікті бюджет есебінен грант бөлінеді. Былтырдан бастап облыс орталығындағы колледждің бірінде арнайы маман даярлайтын топ ашылып, оған 25 білім гранты берілді. Сонымен қатар былтырдан бері жергілікті университетте жаңа бағыттар бойынша оқытуды бастаған.
Қарас Қазиев, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің психология және педагогика кафедрасының меңгерушісі:
- Ерекше білім берудің бағытында бір ғана логопед емес, олигофрения педагогикасы бар, сурдопедагогикасы бар, тифлопедагогикасы бар барлық бағыттарында маман даярлауды қолға алып жатырмыз. Бұл өңірдің сұранысына байланысты. Бұл мамандық бойынша біздің түлектеріміз тек қана мемлекеттік мекемелерде емес, сонымен қатар қаламыздағы түрлі оңалту орталықтарында жұмыс жасайды.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында инклюзивті білім беру мәселесіне айрықша назар аударды. «Қазір еліміз бойынша ерекше қажеттілігі бар 237 мың бала есепте тұр. Сондықтан маман тапшылығын азайту және ерекше қажеттілігі бар балалардың диагнозын ерте жастан анықтау жұмыстары жүйелі жүргізілуі керек», - деді Президент.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов