Степногорскіде 20 жұмысшы бірнеше ай бойы жалақысын ала алмаған
Степногорск қаласында жалақысын уақытында ала алмай жүрген 20 қызметкердің 3,7 млн теңге көлеміндегі берешегі өтелді, деп хабарлайды 24KZ.
Қала прокуратурасы еңбек ақы төлеу саласындағы заңнаманың сақталуына жүргізген талдау барысында «Каусар» ЖК-не қарасты «Ақниет» жекеменшік балабақшасында 20 жұмысшыға жалақы төленбегенін анықтады.
Олардың алдындағы берешек көлемі 3,7 млн теңгені құраған.
Жұмысшылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін прокуратура Степногорск қаласының білім бөліміне прокурорлық қадағалау актісін енгізді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде берешек толық өтелді. Осылайша 20 жұмысшының жалақысын уақытылы алу құқығы қалпына келтірілді.
Прокуратура еңбек заңнамасының сақталуын бақылауда ұстап отыр.