Балабақшаларға жаңа талап қойылады
Балабақшалардағы педагог тапшылығын тәрбиешілердің көмекшілері есебінен шешкен жөн.
Себебі олардың бүлдіршіндермен жұмыс істеу тәжірибесі мол. Күтушілерді университеттерде немесе колледждерде оқытып, тиісті диплом алса, дайын маман боп шыға келеді. Мұндай бастаманы жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының республикалық тамыз кеңесіне қатысушылар ұсынды. 2027 жылдан бастап балабақшалар міндетті түрде лицензия алуы керек. Әрбір мекеме санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтап, бейнебақылау жүйелерін орнатып, күзет қызметін қамтамасыз етуі және сапалы тамақтануды ұйымдастыруы тиіс. Сонымен қатар тәрбиешілердің біліктілігі мен білім беру бағдарламасының сапасы тексеріледі. Тиісті заң 2024 жылы күшіне енген болатын. Ұйымдардың талаптарға сай болуы үшін дайындыққа екі жыл уақыт берілді.
Күләнда Батырбекова, Білім беру саласындағы инвесторлардың ұлттық қауымдастығының вице-президенті:
- Балабақшалардағы нянялар, ол көмекшілер ғой тәрбиешілердің. Тәжірибесімен жұмыс істеп жатқан мамандардың қазір практикалық жағы жоғары болады. Мен өзім ойлаймын сол жағынан колледждерде оқыту керек. Қазір бізге міне 100 грант бөлінді. Алматы облысының әкімдігі мен білім басқармасы бөліп отыр. Сол өте қуанышты жағдай біз үшін.
Гүлнәр Ысқақова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры:
- Келесі жылы 1 қаңтардан бастап мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау енгізіледі. Қазіргі таңда осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да қолға алынды. Мектепке дейінгі ұйымдар, оның ішінде жекеменшік балабақшалар да лицензиялаудан уақытылы әрі сапалы өтеді деп ойлаймыз.