Ядролық қарусыз Қазақстан және әлем
Қазақстан Семей ядролық полигонын жауып, әлемдегі ең ірі ядролық арсеналдардың бірінен өз еркімен бас тартқалы бері, қарусыздану бастамаларын тұрақты қолдап келеді.
Бұл – еліміздің сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі. Ал Жер-жаһанда геосаяси шиеленіс пен ядролық қауіп күшейген тұста Қазақстанның тәжірибесі ерекше мәнге ие болып отыр.
Семей мен Ипр – 2012 жылдан бері бауырлас қалалар. Мұнда жыл сайын ядролық сынақтар мен техногендік апат құрбандарын еске алу күні өтеді. Өйткені бұл тақырып Ипр халқы үшін де жат емес. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде қала бірнеше қанды шайқастың ортасында қалып, жүздеген мың адам бақилық болған. Дәл осы шаһарда 1915 жылы химиялық қару тарихта алғаш рет кең көлемде қолданылған.
Катрин Десомер, Ипр қаласының мэрі:
- Меніңше, біздің ортақ мақсатымыз – бейбітшілік идеясын бірге қолдап, оны әлемге жеткізу. Өкінішке қарай, ірі державалар ядролық сынақтардан толық бас тартуға әзірге дайын емес. Алайда біз сынақтарды тоқтатуға және ядролық қаруды қолдануға жол бермеуге шақыруды жалғастыра беруіміз керек.
Семей полигоны ядролық сынақтардың қаншалықты қауіпті екенін анық көрсетті. Қырық жыл ішінде 456 сынақ жүргізіліп, радиация зардабы шамамен бір жарым миллион адамға әсер етті. Салдарынан онкологиялық және генетикалық аурулар жиілеп, жер мен су ластанды. Жаһандық қарусыздануға жаппай қол жеткізу оңай болмаса да, Қазақстан антиядролық бастамаларды әрі қарай да жалғастыра бермек.
Роман Василенко, Қазақстанның Бельгиядағы елшісі:
- Әрине, қазіргі жағдайда бұл мақсатқа жету қиын екенін түсінеміз. Алайда бұл – қол қусырып отыруға себеп емес. Қазақстанмен қатар көптеген мемлекет ядролық қаруды қауіпсіздік құралы ретінде қолданудан біртіндеп бас тартып, қауіпсіздік тұжырымдамасынан алып тастау керек деп санайды.
Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру идеясын ұзақ жылдар бойы қолдап келеді. Еліміз халықаралық келісімдерге қол қойып, БҰҰ мінберінде тұрақты түрде түрлі бастамалар көтеріп жүр. Сонымен қатар қауіпсіздіктің ең сенімді жолы дипломатия, диалог және бейбіт ынтымақтастық деп есептейді.
Алин Варе, «Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жолындағы парламентарийлер» халықаралық форумының жаһандық үйлестірушісі:
- Қазақстан аумағында жүргізілген ядролық сынақтардан ядролық қарудың қаншалықты жойқын зардаптар әкелетінін толықтай түсінуге болады. Қайғы-қасіреті мол тәжірибе елге ядролық қарусыздану бастамаларын белсенді түрде ілгерілетуге үлкен серпін берді.
Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні мен Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай Ипр мэриясында атом жарылыстарының зардаптарына арналған шағын көрме ұйымдастырылды, құрбандар мемориалына гүл шоқтары қойылды. Екі ел өкілдері Семей мен Ипр арасындағы мәдениет, білім және жастар жобалары арқылы байланыстарды одан әрі нығайтуға ниет білдірді.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы