Қазақстан геосаяси еркіндік жолын таңдады
«Қазақстан ядролық қарудан бас тарту арқылы геосаяси еркіндігін сақтап қалды». Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы, әмірлік дипломаты Обаид Әли Әлзааби осылай дейді.
Оның айтуынша, жаппай қырып жоятын қару – адамзат келешегіне төнген ең үлкен қауіп. Мұндай жойқын күшке иелік ететін мемлекеттер жиі қақтығысқа түсіп, сыртқы саяси бағдарын жоғалтып алады. Көбінің көрші елдермен қарым-қатынасы әлі де нашар. Сарапшы осы тұрғыдан алғанда ядролық арсеналдан арылу ақылды шешім болғанын айтады.
Обаид Әли Әлзааби, халықаралық қатынастар саласы бойынша сарапшы:
- Қазақстан геосаяси еркіндік жолын таңдады. Барлық мемлекетпен тиімді қатынас орнатып, өз мүддесі шеңберінде әрекет етуді мақсұт тұтты. Менің ойымша, ядролық қару көптеген мәселе тудырады. Кикілжіңдерге алып келеді. Таяу Шығыста бұған мысал жетерлік. Сол себепті ел билігінің бір кездері қабылдаған шешімі мақтауға тұрарлық. Ал атомды бейбіт мақсатқа игеру жөніндегі қазіргі бастамалар тіпті құптарлық дер едім.