«Қазақмыс» кәсіби мерекеге орай кеншілер мен байытушыларға құрмет көрсетті
«Қазақмыс» компаниясы кәсіби мерекеге орай кеншілер мен байытушыларға құрмет көрсетті.
Сәтбаев қаласында өткен салтанатты шара «Қазақмыстың басты байлығы – адамдар» тақырыбына арналды. Мерекелік кеште 300-ден астам жұмыскер мемлекеттік, ведомстволық және корпоративтік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында өндіріс озаттары, сала ардагерлері, тау-кен және байыту бөлімшелерінің мамандары бар.
«Қазақмыс» кеншілер мен байытушылар мерекесін биыл да толайым табыстармен қарсы алып отыр. Әрине бұл еңбек адамының маңдай тері мен қайтпас мінезінің жемісі. Сондықтан компания жұмысшыларға арналған түрлі әлеуметтік жобаларды жалғастыра бермек.
Есет Байкен, облыс әкімі:
- «Қазақмыс» корпорациясының әлеуметтік бастамаларының арқасында өңірімізде көптеген маңызды жобалар жүзеге асуда. Ол өндіріс пен қоғамның өзара жауапкершілігі, ел игілігіне қызмет ететінінің нақты көрінісі.
Нұрмұхамбет Әбдібеков, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы:
- Жер қойнауынан алынған әрбір тонна кен, байытылған әрбір тонна концентрат, балқытылған әрбір тонна мыс мыңдаған маманның бірлігі мен адал еңбегінің нәтижесі.
Бүгінде «Қазақмыс» Тобының құрамында 34 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олар 14 кеніш, 5 байыту фабрикасы мен 2 мыс балқыту зауытының жұмысын қамтамасыз етеді. Компанияда ұрпақ сабақтастығы да сақталған. Қазіргі таңда мұнда жүзден астам еңбек әулеті жұмыс істейді. Үздіктер салтанатты шарада «Еңбек ардагері» медалімен, түрлі дәрежедегі «Кенші даңқы» және «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен марапатталды.
Дархан Алмахов, кенші:
- Еңбек адамына қазіргі таңда өте жақсы жағдайлар жасалып жатыр. бәрі жаңарып жатыр. осы күні бірінші дәрежелі төсбелгіге ие болдым. Компанияға еңбегімді бағалағаны үшін алғысымды білдіремін.
Салтанатты жиында компанияның алда атқаратын жоспарлары туралы да айтылды. Мәселен, биыл Қазақмыс еңбек қауіпсіздігіне 16 млрд теңге бағыттап, өндірістік активтерді жаңартуды және еңбек жағдайын жақсартуды жалғастыруда.
Елдос Кәкенов