Бүгін – IT мамандарының кәсіби мерекесі

Бүгін – Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні. Кәсіби мерекені төрт жылдан бері елдегі 200 мыңнан аса маман атап өтеді, деп хабарлайды 24KZ.

Мемлекетіміздің дамуына үлес қосып жүрген жандардың еңбегі ерен. Мәселен, онлайн мемлекеттік қызмет көрсететін eGov GPT жыл соңына дейін жаңа 100 түрлі қызмет түрімен толығады. Қазірдің өзінде мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерін бірыңғай платформаға көшіру жоспары 92%-ға орындалған.

Қазір Қазақстанда қос суперкомпьютер іске қосылған. Екеуі әлемдік рейтингте үздік жүздікке енеді. Қағаз-құжатты алу үшін әр мекеменің табалдырығын тоздырып, ұзын-сонар кезекке тұратын күндер келместің кемесіне кетті. Тәуліктеп дайындалатын анықталамаларды санаулы секундта алуға болады. Нәтижесінде Қазақстан цифрлық Үкіметі дамыған елдердің арасында 24-ші орында тұр. Бұл Біріккен ұлттар ұйымының берген бағасы. Ал жыл соңына дейін тағы бір суперкомпьютер пайдалануға беріледі. Осылайша тұрғындарға қажетті мемлекеттік қызметтердің 80%-ы eGov GPT арқылы бір чатқа біріктіріледі. Яғни қажетті құжатты қазіргідей қосымшадан іздеп отырудың орнына, eGov GPT-ге жазса жеткілікті.

НҰРСҰЛТАН НҰРЛАН, ШЖҚ РМК «Цифрлық үкіметті қолдау орталығының» атқарушы директоры:

– Президенттің жолдауында көрсетілгендей, жасанды интеллектті экономиканың салаларына – жаңағы отрасль экономикасы деп атаймыз ғой – соған енгізу қарқынды іске асырылатын болады. Ол дегеніміз, кәсіпорындарға, жаңағы бизнеске, сонымен қатар үлкен жаңағы зауыттарға осы жасанды интеллектті енгізу арқылы экономиканың дамуына үлесін тигізеді деген ойдамыз.

Демек IT мамандар жай жоба жасап жүрген жоқ. Оның артында тұтас экономикаға ықпал ететін еңбек жатыр. Медицинадан бастап білім беру мен басқару жүйесінің жұмысын жүйелейді. Алайда ақылды жүйені де ақылмен басқара білу қажет. Дербес деректердің қауіпсіз қорғалуы үшін білікті кадрларларды көбейту керек.

Талшын Сарсембаева, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының меңгерушісі:

- Қазақстан ТМД елдерінің ішінде кибершабуыл болған көрсеткіштердің ішінде 3-орынға тұр. Яғни ол – көбінесе банк саласы, мемлекеттік салалар және шектеулі компаниялардың электрондық жүйелеріне жасалатын кибершабуылдар. Киберқауіпсіздік саласын цифрландырумен қатар алып жүру керек. Ол екеуі бір-бірінен ажырамас маңызды бөліктер. Киберқауіпсіздік, кибершабуылдардан қорғану, осы цифрлық теңсіздікті жою бірге жүрген кезде сол салада жаңағы дамуды қатар дамытуға болады деп санаймыз.

Бүгінде eGov Mobile қосымшасын пайдаланатын азаматтар саны 13 млн-нан асты. Сарапшылардың сөзінше, жасанды интеллект дәуірінде дайын жүйені пайдаланатын емес, оны басқаратын мамандарға сұраныс артады. Себебі Президент пәрменімен еліміз алдағы үш жылда цифрлық елге айналып, Үкімет онлайн қызмет алу уақытын екі есе қысқартуы қажет.

Сондай-ақ оқыңыз: