Enrique Iglesias концертіне байланысты Астанада жолдар уақытша жабылады
Астанада 3 қыркүйек күні әлемге әйгілі әнші Enrique Iglesias-тің концерті өтеді. Осыған байланысты «Астана Арена» маңындағы кейбір жолдарда көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылады, деп хабарлайды 24KZ Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Шектеу сағат 20:00-де басталатын концертке байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін енгізіледі. Көлік қозғалысы «Алау» мұз сарайы жағынан Марко Поло көшесі және «Сарыарқа» велотрегі жағынан Месроп Маштоц көшесі бағыттарында шектеледі.

Көрермендерге стадионға жетуді жеңілдету үшін сағат 16:00-ден бастап төрт тұрақтан «Астана Аренаға» дейін арнайы шаттл автобустар қатынайды. Концерт аяқталған соң автобустар жолаушыларды тұрақтарға кері жеткізеді.
Шаттл бағыттары мына тұрақтардан ұйымдастырылады:
· Елорда циркі маңындағы тұрақ;
· «Әзірет Сұлтан» мешіті маңындағы тұрақ;
· Қажымұқан көшесіндегі «Қазақстан» спорт кешені маңындағы тұрақ;
· «Нұр-Сұлтан» мешіті, яғни Бас мешіт маңындағы тұрақ.
Қала әкімдігі концертке баратын тұрғындарға жолды алдын ала жоспарлап, мүмкіндігінше қоғамдық көлік пен шаттл автобустарды пайдалануға кеңес береді. Көрермендер «Тарлан Астана» жеңіл рельсті көлік жүйесі арқылы да концерт өтетін орынға жете алады.
Бұл шаралар стадион маңындағы көлік кептелісін азайтып, көрермендердің концертке қауіпсіз әрі ыңғайлы жетуіне мүмкіндік береді.