Қазақстанда алты жаңа казино аймағы ашылады: оған кімдер кіре алады?
Қазақстанда шетелдіктерге арналған казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды орналастыруға болатын аумақтардың жаңа тізімі бекітілді, деп хабарлайды 24KZ.
Үкіметтің тиісті қаулысы 11 қыркүйекте күшіне енеді. Құжатқа сәйкес, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға арналған казинолар Алматы, Маңғыстау, Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында орналасуы мүмкін.
Атап айтқанда, казино ашуға мына аумақтарда рұқсат берілді:
· Алматы облысының Талғар және Ұйғыр аудандары;
· Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауы;
· Жетісу облысындағы Алакөл жағалауы және Панфилов ауданы;
· Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл және Зайсан аудандары;
· Батыс Қазақстан облысындағы Бәйтерек ауданы;
· Абай облысындағы Алакөл жағалауы.
Бұл казиноларға тек шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар және нысан қызметкерлері кіре алады. Қазақстан азаматтарының кіруіне тыйым салынады. Келушілердің құжаттары кіреберісте тексеріледі.
Ал көпшілікке ашық казино мен ойын автоматтары залдарын орналастыруға әзірге екі аумақта ғана рұқсат бар. Олар – Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағалауы мен Ақмола облысындағы Бурабай ауданы. Бұл аумақтарда букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар да жұмыс істей алады.
Үкіметтің бұл шешімі еліміздің туристік аймақтарында шетелдік қонақтарға арналған казино-курорттар салуға жол ашады.
Егер ойын мекемесі Қазақстан азаматын ойынға кіргізсе, оған айыппұл салынуы немесе лицензиясы қайтарылып алынуы мүмкін.