FCI талабы және он жылдық сынақ: қазақы тазының болашағы қандай?
3 қыркүйек – қазақстандықтар үшін ерекше маңызды күн, елімізде ресми түрде Тазы күні аталып өтіп жатыр. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған бұл шешім ұлттық қазынамызды қорғау мен дәріптеу жолындағы тарихи қадам болды. Бүгінде елімізде аталмыш тазылардың мемлекеттік стандарттары бекітіліп, тазы ресми түрде Халықаралық кинологиялық федерацияның тізіміне енді, ал Қазақстан бұл тұқымның ресми иесі болып танылды.
Дегенмен, бұл халықаралық мойындау әзірге шартты сипатқа ие. FCI алдында тұрған қатаң талаптарды толық орындап, толыққанды статус алу үшін шамамен он жылға жуық уақыт пен жүйелі жұмыс қажет. Бұл бағыттағы басты талаптардың бірі – ұлттық тұқымды жаппай насихаттау және әлемдік қауымдастыққа кеңінен таныстыру.
Қазіргі уақытта «NOMAD» клубының делегациясы Бельгияның жүрегі – Брюссель қаласында арнайы авторлық фотокөрме өткізіп жатыр. Осы орайда, ұлттық қазынамыздың жанашыры, «NOMAD» клубының мүшесі Абзал Досыман «24KZ» тілшісіне арнайы сұхбат берді.
Абзал мырза, 3 қыркүйек – елімізде алғаш рет ресми түрде аталып өтіп жатқан Тазы күні. Осы қуанышты сәтпен құттықтай отырып, бұл шешімнің мемлекет пен ұлттық кинология үшін маңызына тоқталсаңыз?
Бұл күннің ресми түрде бекітілуі – жылдар бойы атқарылған еңбектің нәтижесі әрі мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау. Тазы – бұл жай ғана ит тұқымы емес, бұл біздің бабалардан қалған тарихымыз, көшпелі мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Президенттің тапсырмасымен бұл мәселенің мемлекеттік деңгейге көтерілуі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді.
Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) тарапынан тазының ресми тізілімге енуі үлкен жетістік екені белгілі. Алайда, мұның әзірге шартты екенін және толық мойындалу үшін алда он жылға жуық уақыт пен қатаң талаптар тұрғанын білеміз. Осы он жылдық сынақ кезеңінде бізді қандай басты міндеттер күтіп тұр?
Дұрыс айтасыз, FCI-дің халықаралық стандартына толық өту – оңай шаруа емес. Ең бастысы – бұл тұқымның әлемдік аренада танымалдығын арттыру, яғни жаппай насихаттау. Тазының бар қасиеті, барлық құдіреті – оның даладағы шабысында, аң алу түйсігінде. Егер біз тазыны тек көрмеде сымбатын көрсететін ит етіп өсірсек, оның тектілігі мен табиғи қасиеті жоғалады.
FCI талаптарын орындау барысында біз тек сыртқы стандартына ғана емес, оның жұмыстық қасиеттеріне де баса мән беруіміз шарт. Сол себепті дала сынақтары, жарыстар мен ұлттық аңшылық түрлерін жиі ұйымдастыру – бұл тұқымның генофондын таза сақтаудың және оның жұмыс қабілетін арттырудың жалғыз жолы. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, тазының нағыз дала тарланы екенін дәлелдейтін шараларды көбірек өткізу керек. Алдағы жоспарларымызда осы бағыттағы ауқымды қадамдар бар.


Қазіргі таңда сіздер бастаған «NOMAD» клубының өкілдері Брюссельде кезекті халықаралық фотокөрмені өткізіп жатыр. Бұл шараның шетелдік көрермендерге берері қандай және халықаралық байланыстарды нығайтудағы рөлі қандай?
Иә, біз Қазақстанның Брюссельдегі Елшілігінің, Қазақстан Кинологтар одағының және Еуропадағы отандастарымыздың қолдауымен «Желмен жарысқан тазы» атты авторлық фотокөрмемізді шетелде жалғастырып жатырмыз. Брюссель – Еуропаның саяси және мәдени орталығы. Осындай жерде қазақы тазының өрлігін, сұлулығы мен ерекше қасиеттерін көрсету – үлкен мәртебе. Шетелдіктер тазының сыртқы келбетіне ғана емес, оның тектілігіне таң қалып жатады. Бұл көрмелер – еліміздің имиджін көтерумен қатар, FCI талаптарын орындаудағы нақты қадамдарымыздың бірі.
Сұхбатыңызға рахмет! Алдағы уақытта атқарар жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.