Ерікті қоныс аудару бағдарламасының шарттары кеңейтілді
Елімізде жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге көшуді көздейтін ерікті қоныс аудару бағдарламасының шарттары кеңейтіліп, қатысушыларға берілетін мемлекеттік қолдау түрлері нақтыланды, деп хабарлайды «24KZ».
Қазіргі таңда бұл бағдарлама еліміздің 8 өңірін, атап айтқанда Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарын қамтып отыр. Алдағы уақытта бағадраламаның ауқымын одан әрі кеңейту жоспарланып отыр.
Ендігі кезде бұл бастамаға тек жұмыссыз азаматтар ғана емес, еңбек нарығындағы сұранысқа ие білікті мамандар мен шаруа немесе фермер қожалықтарының басшылары да қатысып, мемлекеттік көмек түрлерін ала алады.
Қоныс аударушыларға берілетін әлеуметтік қолдау шаралары да ауқымды:
Көші-қон квотасы: Қоныс аударушылар тізіміне енгеннен кейін отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем беріледі.
Тұрғын үй субсидиясы: Жаңа өңірдегі баспананы жалдау және коммуналдық қызмет ақысын төлеу үшін бір жылға дейін субсидия қарастырылған.
Тұрғын үй сертификаты: Баспана сатып алуға немесе ипотеканың бастапқы жарнасын төлеуге 1625 АЕК-ке дейін қаржылай көмек көрсетіледі.
Бағдарламаның шарты, қажетті мамандықтар тізімі, қолжетімді бос жұмыс орындары мен өңірлердегі инфрақұрылым туралы толық мәліметті migration.enbek.kz сайтындағы «Қоныстандыру картасы» бөлімінен табуға болады.