Әскери қызметтен кейінгі кәсіби бейімдеу мәселелері талқыланды

Елде әскерилерді азаматтық еңбек нарығына шығуға алдын ала дайындау көзделіп отыр. Еңбек өтілі бойынша зейнетақы алатын 149 мыңға жуық азамат бар.

Осы санаттағы азаматтарды жұмыспен қамтуға қолдау көрсетудің жолдары қарастырылып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев «Әскери интеграциядан кейінгі қоғамдастығы» қоғамдық қорына барып, әскери қызметін аяқтап жатқан азаматтарды кәсіби бейімдеу және олардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу мәселелерін талқылады. Қызметтен босатылуға шамамен алты ай қалғанда азаматтың кәсіби тәжірибесі мен құзыреттері бағаланып, еңбек нарығындағы мүмкіндіктері айқындалады. Одан кейін кәсіби бейімделудің жеке жоспары әзірленіп, қажет болған жағдайда қайта даярлау мен оқытуға, сондай-ақ мансаптық және психологиялық қолдауға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар азаматтарға жұмыс іздеу және жұмысқа орналасу кезінде жәрдем көрсетіледі.

Болат Жүнісбеков, «Әскери интеграциядан кейінгі қоғамдастығы» ҚҚ мүшесі:
-
Біріншіден, бізге келген кезде бірлестігімізде психолог пен коуч әңгімелесіп, қажетті бағдарламалар бойынша көмек көрсетеді. Осы жұмыстардың барлығынан өткеннен кейін зейнеткер өзінің орнын тауып, әскерден кейін қай бағытта жұмыс істеймін, не істеймін деген мәселелерді жеңіл шешуіне көмектесеміз. Сонымен қатар бизнес-тренингтер өткізіледі. Бизнес қалай ашу керек, не істеу керек деген мәселелер бойынша да жан-жақты көмек көрсетеміз.

Дәулет Ахметов, запас подполковнигі:
-
Кәсіби интеграциялық қауымдастықпен танысып, коуч, профориентолог және психологтан білім алдым. Сол кәсіби бағдарлама аясында маған мемлекет тарапынан жұмыс ұсынылды. Қауымдастықта біз, яғни офицерлер, запастағы офицерлер және сержанттар, жақсы білім аламыз. Бізде жақсы жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ оқыңыз: