Тазалық табылдырықтан басталады
Көпқабатты үйдің кіреберісіне қалы кілем төсеп, қабырғасына оюлы түс-киіз ілгенді көрдіңіз бе? Ауласы да жарқырып, жайнап тұр. Гүлмен көмкеріп, қарағай еккен.
Жезқазғандық Шәрипа Рымбаева тұратын үй бұл. Зейнеткер текке жүрмей, көршілерінің басын қосып, ауласын осылай абаттандырып қойған. Өзі: «Осы арқылы жастарға тазалық пен тәртіпті табылдырықтан басталатынын ұқтырғым келді», - дейді.
Зейнеткер Шәрипа Рымбаеваның күнделікті тірлігі үйдің айналасын сыпырып, жасыл желекті суарумен басталады. Ерекше күтімнің арқасында бірнеше жыл бұрын егілген ағаштар мен көпжылдық гүлдер жайқалып тұр. Ауланың сыртынан бастап, табалдырыққа дейін қызыл кілем төселген. Ал үйдің кіреберісі аралас нақышта безендірілген. Қабарғаларына оюлы бітпес пен әдемі суреттер ілінген.
Шарипа Рымбаева, қала тұрғыны:
- Подъездің мынадай кеңдігін пайдаланып, мұны неге үйіміз секілді қылып қоймасқа деп ақылдастық. «Отан отбасынан басталады» дейді. «Біздің отбасымыз кіреберіс шарбақтың сыртынан басталады» деп балаларға осы кезден бастап үйретіп жатырмыз. Қыз-келіншектер ақылдасып, одан кейін ер азаматтарға айтып, қаржы жағынан жиналып, жасап тастаймыз.
Зейнеткердің бастамасын көршілері де ерекше қолдап әкеткен. Өз қолдарымен жасаған дүниені бүлдірмей, қызғыштай қорып жүреді. Тәртіпті бақылап отыр үшін бірнеше бейнекамера орнатқан. Кіреберістің тазалығына мұндағы тұрғынның әрқайсы жауапты.
Ұлжан Шахмұрат, қала тұрғыны:
- Біздің көршілер өте ұйымшыл. Бір ұсыныс, бір идея түсті ма ешкім құр қол отырмайды. Барлығымыз атсалысамыз, 20 пәтер иелері идеясымен бөлісіп, бір шешімге келіп, ұйымдастырып жібереміз.
Жалпы соңғы уақытта қала тұрғындары арасында үйлерінің кіреберісін әсемдеу жақсы үрдіске айналып келеді. Оларды ынталандыру үшін жергілікті билік жыл сайын «Үздік аула» байқауын ұйымдастырады. Мақсат – бірлігі жарасқан көршілердің ісін өзгелерге үлгі ету.
Ақтолқын Айтпаева, қалалық Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
- Тұрғындардың өздерінің үйлеріне, аулаларына, кіреберістеріне, жертөлелеріне және үйдің төбесін ұқыпты ұстауда ұйымшылдықтарын көрсетіп жатыр. Бұрыңғыға қарағанда белсенділігі артып келе жатыр.
«Үздік аула» байқауына биыл 16 көпқабатты үйдің тұрғындарынан өтініш түскен. Әрине, олардың арасында Шәрипа Рымбаева бастаған үйдің кіреберісі де бар. «Тазалыққа құмар жандар біздің мақсатымыз – жүлде алу емес, қалыптасқан жайлы ортаны өзгелерге үлгі ету» дейді.