Қазақстан мен Қытай жүргізуші куәліктерін өзара тануға келісті

Фото: Polisia.kz

Қазақстан мен Қытай азаматтарының ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара тану және алмасу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл мәселе Қазақстанның Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің Қытайға жұмыс сапары аясында талқыланды. Бейжіңде министр Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохунмен екіжақты кездесу өткізді.

Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен бірлескен жұмыстың алдағы бағыттарын талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасында «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының аумағында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойылды.

Құжат «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық тетіктерін қалыптастыруға бағытталған. Келісім екі елдің құзыретті органдарының өзара іс-қимыл тәртібін айқындайды.

Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алуға, туындайтын қауіп-қатерлерге жедел ден қоюға және халықаралық орталық аумағында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Орталық Азия – Қытай» форматындағы ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерінің кездесуінде өңірлік қауіпсіздік мәселелері қаралды. Тараптар трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына, киберқылмысқа және басқа да қазіргі заманғы қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен Қытай арасындағы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және ортақ қатерлерге бірлесіп қарсы тұруға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыз: