Алматыда тұрғындар азаматтық қорғаныс бойынша оқытылып жатыр
Төтенше жағдай кезінде абдырап қалмай, дұрыс әрекет ету үшін ең алдымен қажетті білім мен дағды керек.
Алматыда тұрғындар мен түрлі ұйым қызметкерлерінің азаматтық қорғау саласында арнайы дайындықтан өтуіне мүмкіндігі бар. Мұнда теориямен қатар төтенше жағдай кезінде өзін және өзгелерді қорғауды үйрететін тәжірибелік сабақтарға да басымдық берілген.
Азаматтық қорғау саласында халықты оқыту және даярлау орталығының бағдарламасы 20 бағытты қамтиды. Тыңдаушылар төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл тәртібін меңгереді. Зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету, қорғаныс құралдарын пайдалану, өрттің алдын алу және төтенше жағдай кезінде өзін әрі жақындарын қорғау тәсілдері үйретіледі.
Әнуар Юсупов, Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары:
- Бұл орталықта оқу кабинеттері көрнекі құралдармен жабдықталған. Мұнда мамандар төтенше жағдай кезінде не істеу керектігін іс жүзінде көрсетеді. Тыңдаушылар төтенше жағдай кезінде өзін және жақындарын қалай құтқару керектігін тәжірибе жүзінде жасап көре алады.
Әлия Әлімбетова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Кез келген азамат жеке өзінің қорғанысын немесе тұрмыстық жағдайларда өзін-өзі қалай қорғау, қалай ұстау керектігін білу үшін осындай керемет орталық ашылған екен. Кешеден бастап келіп жатырмыз. Ұнап жатыр. Білгенімізден білмегеніміз көп екен.
Қауіпсіздік бойынша білім беру орталықтағы сабақтармен шектелмейді. Жоғары оқу орындарында лекциялар ұйымдастырылып, мектеп оқушылары үшін де онлайн форматта интерактивті сабақтар өткізіледі.
Сандуғаш Баймұхамбетова, Алматы қаласы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:
- Дүйсенбі сайын таңертең сағат 8:00-де және түскі сағат 14:00-де онлайн форматта интерактивті қауіпсіздік сабақтары өткізіледі. Сабақтар барысында жер сілкінісі, қар көшкіні, сырғыма, таудағы қауіпсіздік, сондай-ақ биік қабаттағы терезелерден құлап кетудің алдын алу және басқа да қауіпсіздік тақырыптары қамтылады.
Аталған сабақтарға кез келген азамат тегін қатысып, қажетті қауіпсіздік дағдылары мен білімдерін ала алады. Курс соңында тыңдаушыларға сертификат беріледі.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев