Қазақстан жолдарында 200 тоннадан асатын мыңға жуық көлік тіркелді

фото: ҚазАвтоЖол

Қазақстан жолдарында сегіз айда көліктердің рұқсат етілген салмақ нормасын бұзу бойынша 870 мыңға жуық ықтимал заң бұзушылық тіркелді, деп хабарлайды 24KZ.

Оның ішінде салмағы 50 тоннадан асатын көліктерге қатысты шамамен 139 мың, 100 тоннадан асатындары бойынша 12 мыңға жуық, ал 200 тоннадан асатын көліктерге қатысты 1 мыңға жуық дерек бар.

Мәліметтерді «ҚазАвтоЖолдың» автоматтандырылған өлшеу станциялары тіркеген.

Мамандардың айтуынша, белгіленген салмақ нормасынан жүйелі түрде асып жүру жолдардың мерзімінен бұрын тозуына әкеледі. Артық жүктеме салдарынан жол жамылғысында ойықтар, ығысулар мен деформациялар пайда болып, жөндеуаралық кезең қысқарады.

Мәселе әсіресе жаңадан салынған және қайта жаңартылған автожолдарда өткір тұр. Мемлекет жол желісін дамытуға қомақты қаражат жұмсап келеді. Алайда жолдармен рұқсат етілген жалпы салмақ пен осьтік жүктемеден асатын көліктер тұрақты жүретін болса, жаңа инфрақұрылымды ұзақ мерзімге сақтау қиын. Жаңадан салынған жолдар артық жүктің салдарынан мерзімінен бұрын бұзылмауға тиіс, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар ауыр жүк көліктерінің автоматтандырылған өлшеу станцияларынан айналып өтуге тырысқан жағдайлары да анықталған. Кейбір учаскелерде станцияларды айналып өтуге мүмкіндік беретін жол жиегіндегі және техникалық өткелдердегі кедергілердің бөгде адамдар тарапынан алынып тасталғаны белгілі болды.

2026 жылдың басынан бері автоматтандырылған өлшеу станцияларының өртенуіне қатысты үш жағдай тіркелген. Олардың себептері мен мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр.

«ҚазАвтоЖол» салмақ-габариттік бақылауды күшейту жүк тасымалдаушыларға қарсы бағытталмағанын атап өтті. Негізгі мақсат – жолдардың сақталуын қамтамасыз ету және белгіленген талаптардың баршаға бірдей орындалуына жағдай жасау.

Компания автоматтандырылған өлшеу станцияларының желісін дамытуды және уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысты жалғастырады.

«ҚазАвтоЖол» жүк тасымалдаушыларды, ауыр жүк көліктерінің иелерін, құрылыс және өнеркәсіп кәсіпорындарын белгіленген салмақ пен осьтік жүктеме талаптарын сақтауға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыз: