Өндірістегі жарақат 15%-ға өсті: Жұмыс беруші нені білуі керек
Қазақстанда өндірістегі жазатайым оқиғалардан зардап шеккен қызметкерлер саны 15,6%-ға өсіп, 969 адамға жетті, деп хабарлайды «24KZ».
Биылғы жылдың басынан бері елімізде 64 топтық жазатайым оқиға тіркеліп, одан 226 қызметкер зиян шекті. Салыстыру үшін, өткен жылдың сәйкес кезеңінде 53 топтық оқиға болып, 139 адам жарақат алған болатын. Әрбір осындай жағдай азаматтың денсаулығы мен еңбекке қабілетінен айырылуына, ұзақ оңалтудан өтуіне және отбасының әл-ауқатына тікелей әсер етеді.
Заңнамаға сәйкес, жұмыс беруші әрбір жұмыскермен еңбек міндеттерін атқару кезіндегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасуға тиіс. Бұл құжат зардап шеккендерге немесе қайтыс болған жағдайда олардың отбасына заңда көзделген қаржылай төлемдерді кедергісіз алуға мүмкіндік береді.
Алайда сақтандыру шартын жасаспау жұмыс берушіні жауапкершіліктен босатпайды. Егер қызметкер сақтандырылмаған болса, емделу, оңалту шығындарын және жоғалған табысты өтеу міндеті толығымен жұмыс берушінің өз мойнына жүктеледі.
Соңғы заңнамалық өзгерістерге сай, мұндай жұмыс берушілер еңбек жағдайы зиянды жұмыстарда істейтін азаматтарға берілетін арнайы әлеуметтік төлемдерді де өз қаражаты есебінен төлеуге мәжбүр болады.
Мамандар сақтандыруды формальды талап ретінде емес, жұмыскерді қорғау мен кәсіпорынның қаржылық тәуекелдерін азайтудың басты тетігі ретінде қарастыру қажеттігін ескертеді. Себебі сақтандырмау әкімшілік жауапкершілікке, қомақты шығындар мен сот дауларына әкеп соқтырады.
Еңбекті қорғау жүйесінің түпкі мақсаты тек өтемақы төлеумен шектелмей, алдын алу шараларын күшейту арқылы өндірістік жарақаттардың алдын алу болып табылады.