Ауыл мен қала балаларының қосымша білім алу мүмкіндігі тең емес – депутат
Ауыл мен қала оқушыларының қосымша білім алудағы мүмкіндіктері бірдей емес. Бұл мәселені бүгін Құрылтай отырысында «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Шахмардан Байманов көтерді, деп хабарлайды «24KZ».
Депутаттың айтуынша, елімізде балаларды қосымша біліммен қамту көрсеткіші 90 пайызға жеткен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 3,5 млн бала түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысады. Алайда бұл көрсеткіш ауыл мен қала арасындағы айырмашылықты толық көрсете бермейді.
Мәселе тек үйірменің бар-жоғында емес. Мәселе – таңдау мүмкіндігінде. Қалада таңдау көп болса, шағын және шалғай ауылдарда ол көбіне санаулы үйірмемен шектеледі, – деді Шахмардан Байманов.
Депутаттың сөзінше, ауыл балалары спорт, өнер, музыка, робототехника және IT бағыттарында қосымша білім алуға келгенде мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан шалғай елді мекендерде мобильді қосымша білім беру жүйесін дамыту қажет.
Байманов сонымен қатар ауылда жұмыс істейтін қосымша білім педагогтерін ынталандыру тетігін енгізуді және шалғай елді мекендер үшін арнайы аумақтық коэффициент қарастыруды ұсынды. Оның пікірінше, бұл мамандарды ауылға тартуға мүмкіндік береді.
Баланың мүмкіндігі оның мекенжайына байланысты болмауы тиіс, – деді депутат.
Ол сондай-ақ мектептермен қатар мәдениет үйлері, кітапханалар мен спорт нысандарын қосымша білім беру үшін тиімді пайдалануды ұсынды. Соңғы үш жылда ауылдық жерлерде 1251 комьюнити-орталық ашылған. Ендігі міндет – осы инфрақұрылымды балалар үшін барынша тиімді пайдалану.
Ауыл баласының таланты ауылда қалып қоймауы керек. Қала мен ауыл баласына мүмкіндік тең болуы тиіс. Бұл – ауылдың болашағына салынған инвестиция, – деді Шахмардан Байманов.
Депутат осы мәселелер бойынша Оқу-ағарту министрлігінен ауылдық жерлердегі қосымша білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған қосымша шаралар қабылдауды сұрады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз