«ХҚКО қызметкерімін»: СҚО-да алаяқтар алдаудың жаңа тәсілін ойлап тапты

Фото: depositphotos.com

Солтүстік Қазақстан облысында алаяқтар Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері болып хабарласып, жұртты алдап жатыр, деп хабарлайды «24KZ».

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қыркүйек айының алғашқы күндерінен бастап кибералаяқтар өңір тұрғындарына жаңа тәсілмен қоңырау шала бастады.

Олар өздерін ХҚКО немесе eGov қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарға электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) қолданылу мерзімін ұзарту қажет екенін айтады. Әңгіме барысында телефонның пернетақтасынан келісімді растау үшін «1» батырмасын, ал бас тарту үшін «3» батырмасын басуды сұрайды.

Біраздан кейін екіншісі хабарласып, оның жеке кабинеті бұзылғанын және атына несие рәсімделгенін айтады. Алаяқтар жағдайды «реттеудің» жалғыз жолы - екінші несие рәсімдеп, алынған қаражатты «қауіпсіз шотқа» аудару деп сендіреді.

Соңғы күндері полицейлерге осындай 20-ға жуық қоңырау туралы ақпарат келіп түскен. Бұл – облыс тұрғындарының «102» арнасына хабарлаған фактілері ғана. Жаңа тәсіл бойынша бір қылмыс тіркелді: облыс аудандарының бірінде тұратын 44 жастағы тұрғын алаяқтарға сеніп, 4 млн теңгесінен айырылған.

- ХҚКО және eGov қызметкерлері азаматтардан банк карталарының деректерін, шоттағы қаражат туралы ақпаратты немесе басқа да банктік құпия мәліметтерді талап етпейді. Мұндай қоңырауларға сенбеңіздер және бөгде адамдардың нұсқауы бойынша несие рәсімдеп, ақша аудармаңыздар, - дейді тәртіп сақшылары.

Сегіз айдың қорытындысы бойынша СҚО-да 389 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 24% төмен. Оның ішінде 248 факті тұрғындарды ірі көлемде несие рәсімдеуге көндірген түрлі алаяқтық схемалармен байланысты.

Полицейлер солтүстікқазақстандықтарды QR-код арқылы өтуге болатын WhatsApp мессенджеріндегі арнайы топқа қосылуға шақырады. Онда тәртіп сақшылары интернет-алаяқтықтың кең тараған тәсілдері туралы ақпарат беріп, тұрғындардың сұрақтарына жауап береді.

Сонымен қатар азаматтар кеңес алу немесе киберқылмыс туралы хабарлау үшін +7-708-022-09-45 сенім телефонына анонимді түрде хабарласа алады.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз 

Сондай-ақ оқыңыз: