Астанада пәтер сатқан алаяқтар сотталды
Пәтер аламыз деп 35 адам алданған. Астанада Qyran тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сату кезінде алаяқтық жасаған төрт адам сотталып, 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті тергеу жүргізді. Нәтижесінде алаяқтардың сатып алып-сатуда құйтырқылық жасағанын анықтады. Жәбірленушілер төлемді қолма-қол да, алаяқтардың жеке шоттарына да аударған. Аяғында баспаналы боламыз деп бөркін аспанға атқан жандарды сан соқтырған. Тіпті сатудан түскен ақша компанияның кассасына түспеген.
Сот жәбірленушілердің 2,2 млрд теңгеден асатын талап арыздарын қанағаттандырды. Сонымен қатар жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 78 жылжымайтын мүлік нысаны берілді.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:
- Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті тергеу барысында сотталғандардың сатып алу-сату шарттарын жасасудың орнына мемлекеттік тіркеуге жатпайтын әрі сатып алушыларға меншік құқығын бермейтін брондау шарттарын, кепілақы туралы келісімдер мен алдын ала шарттарды рәсімдегенін анықтады. Сату кеңсесінде ЖШС атынан әлеуетті сатып алушыларға нысандардың макеттері, техникалық паспорттар, сенімхаттар мен компанияның жылжымайтын мүлік нысандарына меншік құқығы бар дегенді растайтындай анықтамалар көрсетілген.