Павлодарда заңсыз вейп саудасынан түскен ақшаға алынған көлік тәркіленді
Павлодар облысында вейпті заңсыз сатқан күдіктінің 12,3 млн теңгелік көлігі тәркіленді, деп хабарлайды 24KZ.
2025 жылы Павлодар облысында электрондық тұтыну жүйелерін заңсыз сатумен айналысқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылған. Қазір топ мүшелеріне қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.
Айыпталушылардың бірі қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған. Оған халықаралық іздеу жарияланған.
Тергеу барысында күдіктінің заңсыз жолмен тапқан қаражатына «KIA» маркалы автокөлік сатып алғаны анықталды.
Осыған байланысты прокуратура сотқа көлікті тәркілеу туралы өтінішхат жолдаған. Сот өтінішхатты қанағаттандырып, құны 12,3 млн теңге болатын автокөлікті сотқа дейін тәркілеу туралы шешім шығарды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.